Қазақстан мен Сингапур бірлескен жобаларды көбейтуге ниетті
Сингапур кәсіпкерлерінің Қазақстанға қызығушылығы жоғары.
Олар біз арқылы Орталық Азия нарығына кіргісі келеді. Ал бізді АСЕАН елдерімен етене байланыстыруға дайын. Мемлекет басшысы Сингапурға мемлекеттік сапармен барып, саяси басшыларымен кездесу өткізді. Нәтижесінде бірқатар құжатқа қол қойып, саудадағы серіктестікті арттыруға келісті. Екі тарап бірлескен жобаларды да көбейтуге ниетті.
Бекзат Аманов, тілші:
- Қазақстан мен Сингапур. Қос мемлекеттің саяси элиталары сирек кездеседі. Бірақ басқосудың бәрі мәнді әрі мазмұнды өтетін. Соның арқасында бір-біріне жырақта орналасқанына қарамастан саудада сәтті серіктестік орната білді. Былтыр тауар айналымы 2 млрд долларға жуықтаса, соңғы уақытта инвестициядағы байланыс та беки түскен. Ел экономикасына салған қаржы да 2 миллиард долларға жуық. Енді екі тарап жаңа бағыттардан мол әлеует көріп отыр.
Бұл – Сингапур президентінің ресми резиденциясы Истана. Мемлекеттік мерекелер мен мәртебелі меймандарды күтіп алуға арналған сарайдың есігі бүгін айқара ашық. Себебі елге Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев келді.
Араға 20 жылдан аса уақыт салып, Истанада қазақ әнұраны қайта шырқалды. Қасым-Жомарт Тоқаев Сингапурға Президент ретінде алғаш рет келіп отыр. Алғашқы сапарда келіссөз үстелінде 6 құжат жатыр. Сол үшін алыстан ат терлетіп келген қонақтарды қарсы тарап сән-салтанатымен қарсы алды. Кейін Мемлекет басшысы Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды.
Бүгінде біздің елде 140-тан астам сингапурлық компания мен бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Енді Қазақстан осы ынтымақтастықтың мүлде жаңа кезеңіне жол ашуға ниетті. Мұны Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. Келіссөзде қос президент инвестициялық жобаларды ілгерілету келісті. Демек жақын арада экономикамызға Сингапурдың белді компаниялары көптеп кіре бастауы мүмкін. Ең бастысы, жергілікті кәсіпкерлерде қызығушылық бар.
Филип Йео, Accuron Technologies Limited басқарма төрағасы:
- Қазақстанның әлеуеті озық идеялы, білімді әрі дарынды жастарында деуші едім. Оған қоса Қазақстан Орталық Азиядағы жетекші ел саналады. Бұл аймақтағы халық 80 миллионнан асады, бұл – біз үшін үлкен нарық. Қазақстан мен Сингапур ақпараттық технология, инженерия, ғылыми медицина саласында ынтымақтастықты күшейте алады. Сонымен қатар Сингапурмен өзара іс-қимыл Қазақстан үшін Оңтүстік Шығыс Азия нарығын ашады.
Истанадағы игі кездесу мұнымен бітпеді. Әрі қарай Қасым-Жомарт Тоқаев Сингапурдың жаңа премьер-министрі Лоуренс Вонгпен жүздесті. Оны қызметімен құттықтап, ел арасындағы көпжылдық ықпалдастыққа жоғары баға берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз Сингапурмен арадағы көпжақты ынтымақтастықты дамытуға баса мән береміз. Екі ел арасындағы тығыз байланыстың ұзақ жылдар бойы берік дәстүрі қалыптасқан. Мен Сингапурмен қарым-қатынас орнатуға тікелей атсалыстым. 1970-ші жылдары жас дипломат ретінде маған Сингапурда қызмет ету бақыты бұйырды. Өзім жұмыс істеген жердің мекенжайы да әлі есімде.
Иә, Сингапур – таңғажайып мекен. Мұндағы халық ақылды ақшаға айналдыра білді. Сол үшін Қазақстан көп салада серіктестік орнатуды жоспарлап отыр. Оның үстіне осы мемлекет арқылы отандық өнімді АСЕАН елдеріне сата аламыз. Мұндағы алпауыт компаниялар да Орталық Азия нарығына біз арқылы шыққысы келеді. Бұл сөзді Лоуренс Вонг растады. Бұл ғана емес, АСЕАН елдері мен Қазақстан арасындағы көпір болуға дайын екенін де мәлімдеді. Қазір серіктестік логистика саласында жылдам дамып келеді. Тіпті бірнеше жоба басталып кетті. Белді компания өкілдерінің пайымынша, жақын болашақта Қазақстанды Еуразиядағы транзиттік хабқа айнала алады.
Алуа Сатыбалдиева, Global DTC Pte Ltd бас директорының орынбасары:
- Біз Қазақстан мен Қытай шекараларындағы транзиттік декларация беру процесін автоматтандырдық. Енді бұл қызметтің уақыты 30 минуттан аспайды. Жүк жөнелтуші де, жүк алушы да декларация мәртебесін көре алады, тіпті тауарды бақылап отыру мүмкіндігі бар. Барлық дәлізге осы жүйені енгізуді жоспарлап отырмыз. Біз интеграция арқылы біртұтас экожүйені құрып жатырмыз. Жүк жөнелтушілер үшін тауардың ашықтығы мен қадағалануы өте маңызды. Сондай-ақ жылдамдық пен тұрақтылық та жоғары бағаланады.
Одан әрі Қасым-Жомарт Тоқаев Сингапур премьер-министрінің орынбасары Хенг Суи Кеатты қабылдады. Кездесуде Қазақстан-Сингапур бизнес форумын ұйымдастырғаны үшін осы елдің Үкіметіне ризашылығын білдірді. Екі тарап та үкіметтер мен бизнес құрылымдардың ықпалдастығын нығайту арқылы екіжақты серіктестікті одан әрі дамытуға дайын екенін растады.
Авторлары: Бекзат Аманов, Марат Диханбаев, Дулат Ентебеков.