Вьетнам кәсіпкерлері «Qazaq Air» компаниясын сатып алды

www.akorda.kz

Енді олар алдағы 5 жылдың ішінде Қазақстанға су жаңа заманауи ұшақтар әкелуге міндетті.

Келешекте Оңтүстік-Шығыс Азиямен адам ғана емес, тауар тасымалы да қарқын алмақ.

Мемлекет басшысы сингапурлық кәсіпкерлермен де кездесті. Бірқатар маңызды мәмілеге қол қойылды. Әсіресе логистикалық компаниялар арасында ауқымды уағдаластық көп. Жақын арада теміржол түгел цифрланып, сәлемдеме жеткізу ісі жылдамдайды. Тағы қандай келісім бар?

Сингапур – әлемдегі долларлық миллионерлер ең тығыз орналасқан мемлекет. Шаһар табысты кәсіпкерлер мен алпауыт компанияларға толы. Бүгін осы елдің бай-бағландары Қазақстан бизнесмендерімен бас қосып, ынтымақтастықты талқылады. Форумның жабылу рәсіміне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты.

Қазақстан – экономикалық реформаларын Сингапур стилінде жүргізетін ел. Біз де мол мүмкіндік ұсына аламыз. Осылай деген Президент саладағы жетістіктерді жіпке тізіп, инвесторларға жасалған қолайлы жағдай жайлы айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан аймақтағы инвестиция тартатын негізгі орталық болып қалуы үшін жаңа инвестициялық циклды іске қостық. Стратегиялық мақсатымыз – 2029 жылға қарай шетелден 150 миллиард доллар тікелей инвестиция тарту. Біз инвесторларға қолдау көрсету және шұғыл шешім қабылдау маңызды екенін жақсы түсінеміз. Осы мақсатта стратегиялық, инвестициялық жобаларға жетекшілік ететін құзыреті жоғары Инвестициялық кеңес құрдық.

Қос мемлекет бір-бірінен жырақта орналасқан. Географиясы келмесе де, саяси-экономикалық тұрғыда сенімді серіктес болып қала береді. Алайда тың жобаларсыз достыққа дем беру қиын екені түсінікті. Сол үшін бизнесмендердің басын қосқан Мемлекет басшысы басым бағыттарды айқындап берді. Бірінші – қаланы дамыту секторы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстанда мүлде жаңа әрі интеграцияланған мегаполис салу бастамасын өте маңызды жоба деп санаймын. Бұл жоба болашақта «Орталық Азиядағы Сингапурға» әрі халықаралық жетекші бизнес-хабқа айналуды көздейді. Осы мақсатқа бөлінген мың шаршы километрге жуық аумақ арнайы экономикалық аймақ режимінде дамиды. Форум аяқталған соң барлық мүдделі тараппен осы мәселені талқыламақпын. Сингапур бизнесі келешегі зор бұл бастамаға белсенді атсалысады деп үміттенемін.

Осы уақытқа дейін географиялық алшақтық пен байланыстың нашарлығы екі мемлекеттің экономикалық ықпалдастығын тежеді. Бірақ қазір жағдай басқа, серіктестікке ештеңе кедергі келтіре алмайды. Енді басты мақсат – сауданы нығайту. Қазір алыс-берісті жеделдету үшін логистикадағы ынтымақтастық бекіп келеді. Соның айқын дәлелі – Транскаспий халықаралық көлік бағытының әлеуетін арттыру үшін күш біріктірген «Қазақстан темір жолы» мен сингапурлық PSA International компаниясы арасындағы келісім.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Аталған бағыт Еуразия кеңістігіндегі ынтымақтастықты мүлдем жаңа деңгейге шығара алады. Бұл – Орталық және Шығыс Азиядан Еуропаға шығатын ең төте әрі орнықты жол. Сингапур компаниялары мен қаржы институттары бұл саладағы бизнес пен инвестицияның мүмкіндіктерін зерттеп, айтарлықтай пайдаға кенеле алады деп санаймыз.

Бекзат Аманов, тілші:

- Сингапур бұғазы. Әр 2 минут сайын лайнерге жүк толтырып, әлемнің түкпір-түкпіріне жөнелтетін бұл су айдыны жаһан экономикасы үшін маңызды рөл атқарып отыр. Дәл қазір менің артымда тұрған кемелер де өз кезегін күтіп тұр. Олар бірер сәтте батыс пен шығысты байланыстыратын алып жолды жүріп өтеді. Енді бұл бұғаздың пайдасы жақын аралықта қазақ халқы үшін тие бастайды.

Иә, бұл бұғаздан жөнелтілген тауар аз уақытта Каспий теңізі арқылы Еуропаға шығуы керек немесе Орталық Азия елдеріне тарайды. Мұның барлығы Қазақстанның логистикалық хабқа айналуына ықпал етеді. Дәл осы саладағы бірлескен жобалар қазірден жемісін беріп жатыр. Жырақтағы Сингапур көрші Қытайдан келетін тауарлардың мерзімін біршама қысқартты. Заманауи технология арқылы тасымалды қауіпсіз етті.

Ен Ви Тан, Global DTC бас директоры:

- Біздің платформа кәсіпкерге қолайлы жағдай жасайды. Ол қашықтан өз тауарының қайда бара жатқанын, кедендік тіркеуде қалай өткенін бақылай алады. Қазір кей тауар Қытайдан Қазақстанға келгенде кәсіпкерлер оның қайда екенін таба алмай қалады. Біз бұл мәселені шеше аламыз. «Қазақстан темір жолымен» күш біріктірдік, әзербайжандық әріптестеріміз де бұл іске үлес қосады.

Тағы бір жағымды жаңалық. Енді маркетплейстен тапсырыс беретін отандастарымызға тауар жылдамырақ жетеді. «Қазпошта» Сингапурда өз орталығын ашып, SingPost компаниясымен Стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімге келді. Демек көлемді сәлемдемелер жылдам әрі қауіпсіз жіберіледі.

Алдағы уақытта Оңтүстік-Шығыс Азия мен Қазақстан арасында жол қысқарады. Вьетнамдық компания Qazaq Air әуе компаниясын сатып алды. Енді олар 5 жыл ішінде кем дегенде 20 заманауи ұшақ әкелуі керек. Президент бұл бастаманы қолдап, екі өңір арасындағы әуе қатынасын жандандырады деген сенім білдірді.

Сингапурлық тарап барлық бағытта ынтымақтастық орнатуға келісіп отыр. Біз де құр алақан емеспіз. Қазақстан аса маңызды шикізат пен табиғи ресурстарды жеткізуге дайын. Қиырына көз салсаң, қыры көрінбейтін кең байтақ дала жаңартылатын энергия саласында зор әлеуетке ие. Ал Сингапурдың жері шағын болса да, ілімі мықты. Президент аталған салада технология және тәжірибе алмасуға шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сингапур қоқыс жағу арқылы қуат өндіретін озық қондырғыларымен және қалдықтарды басқару жөніндегі инновациялық технологияларымен танымал. Бізді қалдықтарды реттеудің осы инновациялық тәсілі қызықтырады әрі аталған саладағы ынтымақтастықты дамытуға ниеттіміз.

Жалпы форум аясында 10-нан аса келісімге қол қойылды. Оның басым бөлігі алдағы уақытта Астанада тағы бір пысықталады. Десе де бүгінгі басқосудан кәсіпкерлер ерекше сезім алғаны анық. Тіпті бұл тұтас бизнесті өзгертетін сапар болды, – дейді олар.

Райымбек Баталов, «Атамекен» ҰКП президиумының төрағасы:

- Көптен бері талқыланып келе жатқан мәселелердің басын ашып алдық. Бастысы, инвестициялық жобалар бар. Көптеген әлеуеті зор келісімдерге қол қойылды. Ауыл шаруашылығы саласында да серіктестік арттыру мүмкіндігі бар екен. Менің ойымша, бұл сапардан кейін Қазақстанда бизнес мүлдем басқа деңгейде дами түседі.

Одан бөлек, биотехнология және медицина саласында тәжірибе алмасу мәселесі қаралды. Қазақстан Сингапур сияқты Еуразия құрлығында жетекші технологиялық және IT-хабқа айналуды көздейді. Цифрлық технология саласындағы ынтымақтастыққа да ашықпыз.

Авторы: Бекзат Аманов.