Елордада Дүниежүзілік мұнай конгресі өтеді

2028 жылы Астанада тұңғыш рет Дүниежүзілік мұнай конгресі өтеді.

Бұл туралы KAZ-ENERGY қауымдастығы мен Дүниежүзілік мұнай кеңесі басшылығының Лондондағы кездесуінде айтылды. Тараптар меморандумға қол қойды.

Дүниежүзілік мұнай конгресін Қазақстанда өткізу туралы өтінім KAZENERGY қауымдастығы тарапынан бұған дейін де берілген. Бірақ осы жолы ғана кеңеске мүше елдер түгелдей еліміздің кандидатурасын қолдады. Енді 4 жылдан кейін Астанаға әлемнің түкпір-түкпірінен мәртебелі меймандар келіп, энергетика саласының болашағын талқылайды.

Мағзұм Мырзағалиев, KAZENERGY қауымдастығының төрағасы:

- Осы конгрестің өтуі бізге не береді? Ең бірінші, Қазақстанға жаңа технологияларды, жаңа инвестицияларды, Қазақстанның жалпы энергетикалық держава ретінде ашылуына, әрине, оң әсер беретіні сөзсіз.

Айта кету керек, конгресті өткізуге бюджеттен қаражат бөлінбейді. Шығындарды Дүниежүзілік мұнай кеңесі және қатысушы елдер өз мойнына алады. Іс-шара алдында тараптар қызу дайындыққа кіріседі. Ал конгресс аяқталған соң Атырау қаласында мұнай мұражайын ашу жоспарланып отыр.

Педро Мирас, Дүниежүзілік мұнай кеңесінің президенті:

- Дүниежүзілік мұнай кеңесі 1933 жылы Лондонда құрылды. Қоғамдық ұйымға 57 мемлекет мүше. Олардың үлесіне әлемдегі мұнай мен газдың 95% тиесілі. Қазақстан 2008 жылдан бастап кеңеске мүшелік етіп келеді. Конгрестен күтеріміз көп.

Кең ауқымды шара бұған дейін АҚШ, Түркия, Канадада өткізілсе, 2026 жылы Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында ұйымдастырылмақ. Ал одан кейін шетелдік қонақтарды Астана қабылдайды. 

Евгений Глотов, Астана қаласы әкімінің орынбасары:

- Іс-шаралық және іскерлік туризм тұрғысынан алып қарасақ, конгрестің Астана үшін берері көп. Бұдан бөлек, қаламыздың және сәйкесінше еліміздің экономикасына инвесторлар тартылады деген үмітіміз бар.

Қазақстан – мұнай-газ экспорты бойынша көшбасшы елдердің бірі. Бірақ жасыл экономикаға көшуге ынталы. Еліміздің 2060 жылға қарай көміртегі бойынша бейтараптыққа қол жеткізуге бейіл екенін Мемлекет басшысы нақты айтты. Сондықтан конгресте климаттың өзгеруіне қарсы күрес тақырыбы да басты назарда болмақ.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы.