Елімізге Оңтүстік Кореядан келетін туристердің саны 30%-ке көбейді
Ұлттық Статистика бюросының есебі осындай, деп хабарлайды 24kz.
2024 жылдың қаңтар-наурыз айларында келген 4500-ге жуық қонақтың 56%-ке Қазақстанға іскерлік мақсатта ат басын бұрған. Туристік әлеуеті артып келе жатқан мемлекетімізге тағы қай елдің азаматтары көптеп келіп жатыр?
Диктор:
- Қазақстанға тағы қай елден туристер келіп жатыр?
Ердана Ержанұлы, тілші:
-Оңтүстік Корея сияқты алыстағы шетелдерден келетін меймандардың саны артқан. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2024 жылдың алғашқы тоқсанында 223 мыңға жуық шетел азаматы Қазақстанда қонақ болған. Айтарлықтай өсімді Қытай мен Үндістаннан келген туристер санынан көруге болады. Шығыстағы көршімізден келетіндердің саны 2 есе артып, 25 мың адамға жуықтады. Ал үндістандықтардың саны 125%-ке артып, 18 мыңға таяған. Көш басын Ресейден келетін қонақтар бастап тұр. Алайда Өзбекстан екеуінен келетін туристер саны осы жылдың алғашқы үш айында біршама азайған. Дегенмен, АҚШ, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея секілді шалғай жатқан елдерден Қазақстанға ағылып жатқандар үлесі едәуір артқанын байқауға болады.
Қазақстанға қай елден туристер көп келеді?
Жалпы саны – 222 813
Ресей – 80 678 (-28%)
ҚХР – 24 553 (+98,3%)
Үндістан – 17 515 (+125,6%)
Түркия – 14 518 (+1,7%)
АҚШ – 7 824 (+22,2%)
Өзбекстан – 6 261 (-12,1%)
Ұлыбритания – 5 482 (+33,6%)
Оңтүстік Корея – 4 448 (+29,4%)
Германия – 4 446 (-2,6%)
Қырғызстан – 4 434 (+4,8%)
Спорт және туризм министрлігінің мәліметінше, елімізге 82 елдің азаматтары визасыз режимде келе алады. Сондай-ақ 29 ел 108 бағыт бойынша халықаралық әуе байланыстары жұмыс істеп тұр. 2024 жылдың қаңтар-мамыр арасында 5,5 млн жолаушы тасымалданған. Бұл былтырғы көрсеткіштен 17,4%-ке артық. Бұл межені ары қарайда арттыру көзделген. Себебі отандық туризмді дамытуда әуе тасымалы маңызды рөл атқарады. Бұл сала Ұлттық Экономика министрлігінің 2025-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамында да айрықша аталған.
Цитата:
- Авиация саласында әуежайлардың жерүсті инфрақұрылымын жақсарту, авиациялық тасымалдардың қауіпсіздігі мен оларға қызмет көрсету стандарттарын арттыру мақсатында 2029 жылға дейін 16 әуежайдың жерүсті инфрақұрылымын, 18 әуеайлақтың ұшу-қону жолағы мен рулеж жолын қайта құру жобалары іске асырылып жатыр. Негізгі туристік орындарға еліміздің барлық өңірлерінен ұшулар реттеліп, елдің курорттық аймақтарына апаратын бағыттар бойынша жолаушылар вагондарының саны артатын болады.
Туризм саласында жұмыс істейтіндер саны 2029 жылға қарай 800 мың адамға жетуі мүмкін. Мамандарға сұраныстың артуын қазіргі көрсеткіштерден байқауға болады. 2024 жылдың алғашқы үш айында еліміздің туристік орындары 1 млн 700 мыңнан астам адамға қызмет көрсеткен. Бұл былтырғы көрсеткіштен 9%-ке көп. Табыс көлемі де көбейген. 2023 жылдың алғашқы тоқсанымен салыстырғанда, 7 млрд теңгеге өсіп, 50 млрд теңгеден асып жығылған.
Туризм саласындағы жағдай
2023 ж. І тоқсаны
1,57 млн адамға қызмет көрсетілді
43,1 млрд теңге табыс түсті
2024 ж. І тоқсаны
1,71 млн адамға қызмет көрсетілді
50,7 млрд теңге табыс түсті
Дереккөз: ҚР ҰСБ.
Ұлттық статистика бюросының есебінше, демалам деушілер барған жерінде көбіне қонақүйлерді таңдайды. Соңғы бір жыл ішінде олардың саны 36 нысанға көбейіп, 2237-ге жеткен. Бұдан кейінгі орында коттедж, бунгало сынды демалыс үйлері мен хостелдер бар. Ал жалпы туристік орындардың үздік үштігіне Алматы таулары, Маңғыстау мен Бурабай курорттық аймақтары кіреді.