Жамбыл облысында алғашқы мыс концентраты алынды
Шатыркөл байыту фабрикасында алғашқы мыс концентраты алынды.
«Қазақмыс» компаниялар тобының жаңа кәсіпорны құрамында 19,28% мыс бар алғашқы дайын өнім – мыс концентратын шығарды. Қазіргі уақытта фабрикада дайын концентратты параллель шығарумен технологиялық процестерді реттеу бойынша одан әрі жұмыс жалғасуда. Кәсіпорын биыл қазан айының соңына дейін жобалық қуатына шығуды жоспарлап отыр. Шатыркөл байыту фабрикасы Шатыркөл және Жайсан кен орындарынан жылына 1,2 млн тоннаға дейін кен өңдейді. Жамбыл облысының Шу ауданындағы жаңа кәсіпорында 347 адам жұмыс істейді. Естеріңізге сала кетейік, жуырда Премьер-министр Олжас Бектенов Шатыркөл байыту фабрикасында болып, жұмысымен танысқан еді. Өндірісте әлемдегі мыс кендерін байытудың ең зиянсыз технологиялары қолданылады. Әрі кәсіпорын елді мекендерден қашық орналасқан.