Сарапшы: АЭС энергетикалық қауіпсіздікті арттырады
«Атом электр стансысы Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігіне оң ықпал етеді». Америкалық сарапшы осындай пікірде.
Оның сөзінше, іргелі жоба елдің қазбалы отынға тәуелділігін азайтады. «Дегенмен нысан құрылысын жүйелі жоспарлап, кадрлық мәселеге ерекше мән беру керек», – дейді.
Тәжірибе көрсеткендей, ядролық отынның бағасы басқа көздермен салыстырғанда тұрақты. Осылай деген Дэвид Калп атом электр стансысының артықшылығын атап өтті. Бұл әдіс күн мен жел энергиясын өндіру сияқты ауа райына тәуелді болмайды.
Дэвид Калп, NAC International консалтинг жөніндегі вице-президенті:
- Ең бастысы, түрлі апаттардың алдын алу үшін ядролық қондырғылар қауіпсіздік жүйесімен және резервтік қабаттармен қамтылуы тиіс. Одан соң тәуелсіз реттеушінің маңызы зор. Олар зауыттың құрылысынан бастап, іске қосылғанға дейін барлығын бақылайды. Егер олқылық анықтаса, айыппұл салуға, тіпті нысанды жауып тастауға бұйрық беруге құқылы. Мысалы, АҚШ-та Ядролық реттеу комиссиясы әрбір стансыға кемінде 2 инспектордан тағайындайды.
Америкалық сарапшы Қазақстанның уранға бай екенін алға тартып, мұнда электр энергиясын дербес өндіруге мүмкіндік мол екенін жеткізді. «Осы арқылы энергетика кешенін әртараптандырып, қазбалы отын қажеттілігін азайтуға болады», – дейді ол.
Дэвид Калп, NAC International консалтинг жөніндегі вице-президенті:
- Ядролық отын Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігі мен келешегіне оң ықпал етеріне сенімдімін. Елде шикізат пен техникалық әлеует жеткілікті. Бұл атом энергетикасы бағдарламасын дамытуға тиімді. Салаға салынатын инвестиция тұрақты дамуға кепіл болады.
Елде атом электр стансысын салуға қатысты референдум өтіп, ортақ шешім қабылданады. Біз алдын ала Елорда тұрғындарының пікірін тыңдап көрдік.
Сауалнама:
- Иә, қажет деп ойлаймын. Себебі дамыған мемлекеттерде бұл пайдалануда бар және өз игілігіне жаратып жатыр.
- Салыну керек қой негізі. Қарсы емеспін мен. Өзіміз өндіреміз.
- Мен қолдаймын. Өйткені қолданыстағы қазбалы отын экологияға зиян.
«Атом электр стансысына білікті мамандар ғана тартылуы тиіс», – дейді сарапшы. Ол атом электр стансыларын пайдалану институты мен Дүниежүзілік ядролық операторлар қауымдастығы сияқты ұйымдармен тәжірибе алмасуды ұсынды.