Жаһандық жылыну еліміздің жалпы ішкі өніміне қалай әсер етеді?
АҚШ-тың Ұлттық экономикалық зерттеулер бюросы жаһандық жылынудың әлем елдеріне, оның ішінде Қазақстанның экономикасына қалай әсер ететінін зерделеді.
Сарапшылар температура ауытқулары ЖІӨ-нің төмендеуіне әкелуі мүмкін дейді. Климаттық құрылымы қалыпты және жартылай шөлейт аймақтарды қамтитын ел ретінде Қазақстандағы температураның өзгеруі ауыл шаруашылығына, пайдалы қазбаларды өндіруге және инфрақұрылымға айтарлықтай әсер етеді. Сарапшылар қазірдің өзінде қуаңшылық және су ресурстарының тапшылығы мәселеге айналғанын атап өткен. Енді экономикалық және азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төнбеуі үшін жасыл энергетикаға инвестицияларды арттыру керек. Барлық салада инновациялық технологияларды дамыту маңызды.
Күн және жел энергиясына инвестициялар дәстүрлі энергия көздеріне тәуелділікті азайтып, елдің көміртегі ізін төмендетуге мүмкіндік береді. Қазақстан жасыл энергетиканы дамытуға үлкен мүмкіндіктерге ие, ал мемлекеттің жаңартылатын энергия көздерін қолдау бағдарламасы тұрақты дамудың негізін қалауы мүмкін. Жасыл технологияларды енгізу, тұрақты ауыл шаруашылығын дамыту және баламалы энергия көздерін пайдалану Қазақстанға климаттық сынақтарға бейімделуге және жаһандық өзгерістер жағдайында тұрақты және бәсекеге қабілетті экономикаға айналуға көмектеседі.
Ұлттық экономикалық зерттеулер бюросы. АҚШ
Жаңартылатын энергия көздерінің үлесі артып келеді
Еліміз алдағы 40 жылда көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге ниетті. Сарапшылар жасыл экономикаға байыппен көшу керек дейді. Өйткені қазбалы отын Қазақстан экономикасының негізі саналады. Десе де, көміртегі бейтараптығы бойынша стратегиялық құжаттар қабылданды. Жол картасы әзірленіп жатыр. Экожер қауымдастығы бас директорының кеңесшісі Рамазан Жампейісов "ескірген инфрақұрылымдарды реттеу, халықты жұмыспен қамту, олардың табысын сақтау немесе арттыру да шешуді талап ететін мәселе" екенін алға тартты. "Ал тиімді шешім біздің ғана емес, ұрпағымыздың да сапалы өміріне себеп болады" деді. Қазір елдегі жасыл энергия үлесі 6,6 пайыздан асты. 2030 жылға қарай 15, 2050 жылға дейін 50 пайызға жетеді.
Рамазан Жампейісов, ECOJER қауымдастығы бас директорының кеңесшісі:
- 2030 жылға қарай жасыл генерация үлесін 15%-ға жеткізбекпіз. Стратегиялық құжат әзірлеп жатқанда, неміс үкіметімен ақылдастық. Сарапшылар жасыл энергетикаға көшу үшін 650 млрд доллар қажет болатынын айтты. Бұл жерде қазбалы отынды тұтынуды азайту, зиянды шығарындылары төмен қуат көздері генерациясын арттыру, сондай-ақ көлік саласын жаңғырту сияқты бағыттар түгел қамтылады.
Жасыл қуат көздері 18 пайызға артты
2029 жылға дейін Жамбыл және Жетісу облыстарында ауқымды жобалар қолға алынады. Жаңа нысандардың әрқайсысы 1 гигаватт болатын жаңартылатын энергия өндіруге қауқарлы. Жоба құны 2,5 трлн теңге. Қазірдің өзінде елдегі қуат көздерінің ішінде жасыл энергияның үлесі артқан. Энергетика министрлігінің дерегіне сүйенсек, тоғыз айда жаңартылатын қуат көздерінен сағатына 5 млн 783 мың кВт болатын энергия өндірілді. Жіктер болсам, жел станцияларынан 3 млн 225 мың, био электр станцияларынан 560 мың, күн станцияларынан 1 млн 613 мың, ал шағын гидро электр станциялардан 944 млн 400 мың кВт энергия өндірілді. Қазір елде жалпы қуаты 2,9 мың мегаватт болатын 148 жаңартылатын энергия нысаны бар.
5 782,6 млн. кВтсағ (18%)
Жел электр станциялары – 3 224,7 млн кВтсағ
Био электр станциялары – 0,56 млн кВтсағ
Күн электр станциялары – 1 612,62 млн кВтсағ
Шағын ГЭС – 944,4 млн кВтсағ
Энергетика саласын жаңғырту бағытында қандай жұмыс атқарылып жатыр?
Елде электр желілерін жаңғырту жолға қойылды. 2029 жылға дейін іске асатын жобаларға 300 млрд теңге қарастырылған. Ал "Тарифті инвестицияға айырбастау" аясында қайтарылатын инвестицияның жылдық көлемін 32 млрд теңгеден 428 млрд теңгеге арттыру көзделеді. Энергетика министрлігі осылайша қолданыстағы энергия нысандарын жаңғыртпақ.