СҚО диқандары 2200 ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды
Солтүстік Қазақстан облысының диқандары биыл 2200-ге жуық ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды.
Жергілікті шаруалар соңғы жылдары ескінің орнына өнімділігі жоғары заманауи комбайн, тракторларға мініп жатыр. Шығынның бір бөлігі мемлекет есебінен қайтарылады.
Кәсіпкер Ғабдолқапар Бәри биыл 12 жарым мың гектар жерге дән септі. Осы жылы ол 400 млн теңгеге жаңа комбайн, тұқым сепкіш, тырма, дестелегіш, қопсытқыш, шөп жинау техникаларын сатып алды. Шығынның бір бөлігі субсидия ретінде қайтарылды.
Ғабдолқапар Бәри, серіктестік директоры:
- «Claas»-ты алатын себебіміз - оның жиналуы осы Қазақстанда, біздің Петропавл қаласында. Сондықтан оған мемлекет тарапынан 30 процент субсидия беріледі. Енді мүмкіндіктері жағынан қарайтын болсақ, бұл таза алады. Автоматизированный. Сапасы жақсы.
Жаңаның аты жаңа. Биыл солтүстікқазақстандық диқандар 2200-ге жуық ауыл шаруашылығы техникасы мен қосалқы қондырғысын сатып алды. Машина-трактор паркін жаңартқан кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсетіледі.
Жалғас Сүлейменов, ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
- Жергілікті тауарөндірушілерге жыл басынан бері машина-трактор паркін жаңарту үшін 38,7 млрд.теңге көлемінде инвестициялық субсидия төленді. Бұл кәсіпкерлерге зор қолдау. Осылайша биыл облыстағы ауыл шаруашылығы техникалары 6,1 пайызға жаңарды.
Петропавлда комбайн зауыты жұмыс істейді. Биыл кәсіпорында 500-ден аса түрлі ауыл шаруашылығы техникасы құрастырылады. Оның ішінде астық жинау кешендерімен қатар трактор, егін себу машиналары да бар.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков