Отандық астық Еуропа мен Африкаға экспортталады
Отандық астық Батыс Еуропа мен Солтүстік Африкаға экспортталады. Бұл бағытта шығарылатын жүк көлемі жылына 1,5-2 млн тоннаға жуықтауы мүмкін. Бұл туралы Премьер-министр орынбасары Серік Жұманғарин Мәжіліс қабырғасында өткен жиында айтты. Аграрлық мәселелер жөніндегі комитеттің кеңейтілген отырысында экспорт арнасын кеңейту жолдары талқыланды.
Жалпы биыл жиналған 20 млн тонна өнімнің 12 миллионын өзге елдерге сату жоспарланып отыр. Ал ішкі нарықтағы бағаны ұстап тұру үшін Үкімет өз резервінен бөлінген 10 млрд теңгеге «Азық-түлік корпорациясы» арқылы шаруалардан 150 мыңнан астам тонна астық сатып алуды көздеп отыр. Көрсеткішті 1 млн тоннаға жеткізу үшін 75 млрд теңге көлемінде қосымша қаржыландыру қажет.
Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
- Қазір бізден көбіне Орталық Азия мен Ауғанстан алады, 5-6 млн тонна. Өзбекстан 3,5 млн, Тәжікстан 1 млн, Қырғызстан 500 мың тонна алады. Мына 3 мемлекет 5 млн алады.
Бауыржан Орынбасаров, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарушы директоры:
- «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы тарапынан астық тасымалдау бойынша вагондық контейнерлерді ұсыну жұмыстары ұдайы жүргізіліп келеді. Соңғы 2 ай ішінде, атап айтсақ, қыркүйек пен қазан айларында 2 млн 600 мың тонна астық жөнелттік. Оның ішінде 2 млн 100 мың тоннасы экспорт саналады. Қалғаны ішкі нарықта қалды. Иран бағытындағы экспортымыз қайта жанданды. Биыл қыркүйек айынан бастап, 13 қарашаға дейін Ақтаудағы Құрық порты арқылы 270 мың тонна дәнді-дақыл жеткіздік.