Алматы облысындағы ауылда 17 мың тонна пияз жиналды

Алматы облысы Шеңгелді ауылдық округінің шаруалары 17 мың тонна пияз жинады.

Былтыр 11 мың тонна пияз қоймада шіріп, шаруалар қып-қызыл шығынға батқан еді. Сол жағдай қайталанбас үшін пияз алқаптарын 4 есе қысқартуға тура келді. Жиналған өнімді өткізу мақсатында өңірдегі ірі сауда орындары және тұрақтандыру қорымен келісім-шарт жасалды.

Шеңгелді ауылдық округінің шаруалары биыл 500 гектар жерге пияз екті. Тұқым Жапония мен Голландиядан жеткізілді. Олар әр гектардан орта есеппен 50 тоннадан өнім алды. Шаруалар күзгі жиын-терім кезінде пияздың әр келісін көтерме бағамен 75-80 теңгеден өткізді. Өңірдегі ірі сауда орындарына 5 мың тонна, ал тұрақтандыру қорына 1700 тонна пияз өткізу туралы келісімшарт жасалды. 7 мың тонна өнім көктемге дейін қоймаларда сақталады.

Ақжол Чумаев, қойма меңгерушісі:

- Былтырғыға қарағанда биыл, міне, жұмыс жүріп жатыр. Қаптатып жатырмыз алған өнімімізді қазіргі таңда. Былтыр, мысалы, 3 мың тонна лақтырдық. 100 га еккенбіз, 60-тан алғанбыз. Биыл екі есеге қысқартып, 50 га ектік. Гектарына 48 тоннадан алдық. Енді құдайға шүкір, биыл баға болатын шығар деп отырмыз. Биыл барлық шаруа қожалықтарына  табыс тілейміз!

Шеңгелді алабында 16 мың гектар суармалы жер бар. Биыл соның жартысы игерілді. Шаруалар сорғы станцияларынан алған судың 30 пайызын ғана төлейді. Қалғанын мемлекет өтейді. Бұл мақсатта ауылдық округтегі 4 су берушіге 363 млн теңге субсидия төленді. Ал күзгі дала жұмыстарына 120 тоннадай дизель отыны бөлінген.

Шаруалар асыл тұқымды мал басын арттыруға бет бұра бастады

Жүгері, жоңышқа сияқты малазықтық дақылдарды өсіруге бет бұра бастаған шаруалар мал басын асылдандырып, тауарлы сүт фермаларын ашып жатыр. Дастан Үмбетов былтыр шетелден 48 бас сүтті сиыр сатып алды. Ол өңірдегі сүт өңдеумен айналысатын кәсіпорынға күніне 300 литр сүт өткізеді. Болашақта тауарлы сүт фермасын кеңейтіп, дайын өнім шығаратын жаңа желіні іске қосуды жоспарлап отыр.

Дастан Үмбетов, тауарлы сүт фермасының басшысы:

- Жем-шөпті егемін өзім. Биыл жүгері ектім. Силос қылып басып алдым оны. Арпа ектім, оны да шауып, жинап алдым. Кішкене жоңышқамыз бар. Оны да жинап алдық. Мемлекет тарапынан көмек бар. Сиыр сатып алғандада бәрін берді. Болашақта малдың санын көбейту оймызда бар. Өзімізге фирма ашу, мына сүт, айран қаймақтарды, бәрін жасау ойымызда бар.

Ақерке Жұмағазықызы, Қонаев қаласы әкімінің баспасөз хатшысы:

- Шеңгелді ауылдық округінде 400-ден астам шаруа бар. Оның ішінде шаруа қожалықтары, ЖШС, жеке кәсіпкерлер бар тіркелген. Оның бәрі өзінің қызметтерін ойдағыдай атқаруда. Бүгін ауыл шаруашылық қызметкерлерінің күні тойлануда. Қонаев қаласы әкімдігінің тарапынан алғысымызды білдіреміз және де жылдан жылға өнім көбейіп, халықтың әлеуметтік жағдайы жақсаруына әкімдіктің тарапынан ықпал етілетін болады.

Мемлекет басшысы Астанада өткен ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бірінші форумында Үкіметке заманға сай сүт фермаларын салу, агроөнеркәсіп кешенін жүйелі түрде қаржыландыру, өндіріске жаңа технологияларды енгізу, ауыл шаруашылығы техникалары паркін жаңарту туралы нақты тапсырмалар берді. Ол өз кезегінде шалғай ауылдағы шаруашылықтардың аяғынан нық тұруына оң әсер етеді.

Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев