СҚО мен Ресей арасында сауда айналымы 480 млн долларға жетті
Кондитерлік өнімдер шығаратын ірі зауыт «Қызылжар» арнайы экономикалық аймағында салынып жатыр.
Оған Ресей елінен 37 млрд теңге инвестиция тартылған. Өндіріс ошағы 400-ге жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.
Марина Баяндина, кәсіпорынның бас директоры:
- Былтыр бизнес аясын кеңейтіп, өндірісті Ресейден тыс аумақтан ашуды ұйғардық. Ол үшін шекаралас Солтүстік Қазақстан облысын таңдадық. Кәсіпорында жылына 15 мың тонна дайын өнім шығарылады.
Қазір «Қызылжар» арнайы экономикалық аймағында ресейлік инвесторлармен 4 ірі жоба жүзеге асып жатыр. Қаржы құйған шетелдік кәсіпкерлер корпоративтік табыс, мүлік, жер, импорт салықтары мен кедендік баждан босатылады. Сонымен қатар оларға мемлекет есебінен инфрақұрылым тартылады.
Азамат Шаймерденов, кәсіпкерлік және ИИД басқармасы басшысының орынбасары:
- Инвесторлар Петропавлда құрылыс материалдарын, құбыр, көтергіш көлік жабдықтары мен ұзақ сақталатын нан-тоқаш өнімдерін шығаруды жоспарлап отыр. Жалпы, Солтүстік Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда айналымы жыл сайын артып келеді.
Ресей нарығын жергілікті кәсіпкерлер де игеріп жатыр. Мәселен мына зауытта тұрмыстық химия, пластик бұйымдары мен азық-түлік өнімдері шығарылады. Былтыр кәсіпорыннан 700 млн теңгенің тауары экспортқа шығарылды. Басым бөлігі көрші Ресейге сатылды.
Виктор Молодовский, кәсіпорынның басқарма бастығы:
- Біз Беларусь, Армения, Өзбекстан, Қырғызстан елдерімен де жұмыс істейміз. Бірақ, негізгі әріптесіміз – Ресей Федерациясы. Оған дәлел - экспортқа шығатын өнімнің 80 пайызы көрші елге сатылады. Бұл үлкен нарық. Сұраныс өте жоғары.
Осы жылдың 9 айында Солтүстік Қазақстан облысы мен Ресей арасындағы сауда айналымы 480 млн долларға жетті. Өңірде жыл сайын бірлескен кәсіпорындар ашылып, сауда-экономикалық байланыс нығайып келеді.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков