Ресей мен Қазақстан арасындағы аймақаралық ынтымақтастықтың мерейтойлық форумы өтеді
26-27 қарашада Башқұртстанда Ресей мен Қазақстан арасындағы аймақаралық ынтымақтастықтың ХХ мерейтойлық форумы өтеді.
Ауқымды іс-шара Уфада, екі елдің 400-ден астам билік пен бизнес өкілдерінің басын қосады деп күтілуде. Форумда көтерілетін негізгі тақырыптарды Башқұртстан басшысы Радий Хабиров, Ресей экономикалық даму министрінің орынбасары Дмитрий Вольвач, және Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Дәурен Абаев талқылады.
Дана Нұржан, тілші:
- Қазақстан мен Ресей арасында өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік, инфрақұрылым, энергетика секілді барлық дерлік экономикалық салаларда ынтымақтастық нығайып келеді. Өндірістік кооперация кеңейді. Бүгінде 40 қазақстандық-ресейлік бірлескен өнеркәсіптік кооперациялық жоба жүзеге асырылды. 33 кәсіпорын дайындықтың жоғары сатысында. Жаңа басталып жатқан тағы 61 бірлескен жоба бар. Өткен жылы екі жақты тауар айналымы рекордтық көрсеткіш 27 миллиард долларға жетті. Саясаткерлер стратегиялық серіктестік екі елдің игілігі үшін ұлттық экономикаларды дамытуға, сондай-ақ екі ел халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталғанын атап өтті.
Дәурен Абаев, Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті Елшісі:
- Шетелдік инвесторлардың қатысуымен ашылған 42 мың кәсіпорынның жартысы Ресей Федерациясының компаниялары, дәлірек айтқанда, 19 мың. Қазақстан мен Ресейдің экономикалық қарым қатынастары жүйелі түрде дамып келе жатыр және әрине, оның тиімділігіне өңіраралық және шекаралық аймақтар арасындағы байланыстар айтарлықтай әсер етеді. Бүгінгі таңда Қазақстанның 20 өңірі мен Ресей Федерациясының 76 субъектісі бір бірімен белсенді қарым-қатынаста.
Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев биылғы жылы елімізге алты ресейлік делегация, ал Қазақстанның төрт өңірінің өкілдері Ресейге іскерлік сапармен келгенін еске салды. Тараптар еуразиялық интеграцияның екі ел арасындағы экономикалық байланыстарға айтарлықтай әсер ететінін атап өтті.
Дмитрий Вольвач, Ресей экономикалық даму министрінің орынбасары:
- 2015 жылдан бері Ресей мен Қазақстан арасында тауар айналымы екі есе артты, бұл рекордтық көрсеткіш – 2,4 триллион рубль. Мұның бәрі біздің ТМД және Еуразиялық экономикалық одақ берген мүмкіндіктердің арқасы. Яғни бұл тауар, қаржы, жұмыс күшінің еркін нарығының қалыптасқанның нәтижесі.
Шекаралас аймақтардың ынтымақтастығы Қазақстан-Ресей қарым-қатынастарын дамытуда маңызды рөл атқарады. Аймақтық диалогтың негізгі алаңы жиырма жылдан бері Ресей мен Қазақстан арасындағы аймақаралық ынтымақтастық форумы болып отыр. Ол биыл Башқұртстан астанасы Уфа қаласында өтеді. Оған Қазақстан мен Ресей президенттері бейнеконференция арқылы қатысады деп күтілуде.
Радий Хабиров, Башқұртстан Республикасының басшысы:
- Қазіргі уақытта форумға 409 қатысушы тіркелді. Тіркелу әлі аяқталған жоқ. Ресей жағын айтатын болсақ, осы өңірлердің тікелей басшыларының қатысуымен елдің 24 аймағынан делегациялар келетін болды.
Уфадағы форумның қорытындысы бойынша Қазақстан мен Ресей үкіметтері 2024–2026 жылдарға арналған өңіраралық және шекаралық ынтымақтастық бағдарламасына қол қоюды жоспарлап отыр. Бағдарлама аясында 12 салалық бағыт бойынша 140-қа жуық іс-шара өткізу қарастырылған.
Дана Нұржан, Шахзод Гамиров