Ресей рублінің құнсыздануы теңге бағамына әсер етуде
Ресей рублінің құнсыздануы теңгеге әсер етіп жатыр.
Ұлттық банк бүгінге дейін интервенция жасап, төл валютамыздың құндылығын сақтап келді.
Алайда, көрші ел валютасының құлдырауы нарыққа ықпалын тигізбей қоймады. Ақша айырбастау орындарында доллар бағамы да шарықтап кетті. 520 теңгеден сатылуда. Десе де, сарапшылар мұны: «Уақытша үрдіс» дейді. Дәл қазір АҚШ валютасын сатып алуға асықпау керек. Экономист Мақсат Халық теңге құнын түсіріп алмау үшін Ұлттық банктің базалық пайыздық мөлшерлемені өзгертпеуі мүмкін екенін ескертті.
Мақсат Халық, экономист:
- Әрине, бұл үдерістердің барлығы уақытша екенін айтқым келеді. Қазір спикулянттар өте көп. Теңгені «мың болады» деп айқайлап жүргендер де бар. Әрине, ондай болмайды. Бірақ та теңгеміздің белгілі бір ауытқулары орын алады. Осы жерде ең бір айтатын мәселе – бәрі сатып жатқан кезде сатпау керек, бәрі сатып алып жатқан кезде сатып алмау керек. Бұл қаржыгердің нақты алтын заңдары. Өзім сарапшы ретінде айтушы едім, рубльге қатысты теңгені қатты құнды қылудың қажеттілігі жоқ. Егер де теңгеміз қатты құнды болып кететін болса, онда Ресейдің импорты Қазақстанға деген арзандап кетеді. Тиісінше, біздегі өндірістік компаниялар осыдан зардап шегіп, банкрот болуы да мүмкін. Сондықтан теңгерімді саясат жасау керек.