Еуропалық қайта құру және даму банкі Қазақстандағы әлеуметтік жобаларды қолдауға әзір

Еуропалық қайта құру және даму банкі Қазақстандағы әлеуметтік жобаларды қолдауға әзір

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова Еуропалық қайта құру және даму банкінің Орталық Азия және Моңғолия бойынша басқарушы директоры Хусейн Озханмен кездесті. 

Ең алдымен вице-премьер қаржы институтының қолдауымен экономиканың нақты секторында бірқатар жобалардың сәтті жүзеге асырылғанын атап өтті. Банк мемлекеттік жеке меншік әріптестік негізде Көкшетауда аурухана құрылысына қатысуда. Тамара Дүйсенова қаржы институты өкілдерін әлеуметтік саладағы әріптестікті кеңейтуге шақырды. 

Мемлекет басшысының тапсырмасымен білім саласы инфрақұрылымын жақсарту бойынша шаралары іске асырылып жатқаны атап өтілді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында мектептер салынуда. Алдағы үш жылда 1300 орта білім беру нысандарына күрделі жөндеу жүргізу және оларды заманауи пән кабинеттерімен жабдықтау жоспарлануда. Осыған байланысты Премьер-министрдің орынбасары халықаралық қаржы институты өкілдерін бірлесе жұмыс істеуге шақырды. 

Хусейн Озхан өз кезегінде ЕҚДБ әлеуметтік саладағы әріптестікті дамытуға дайын екендіктерін мәлімдеді. Сондай-ақ ол ұсынылып отырған жобаларды мүдделі мемлекеттік органдармен, өзге де халықаралық институттармен бірлесе қарастыруға әзірлігін жеткізді.