«Ауыл аманаты»: СҚО-да 236 жеңілдетілген несие берілді
Солтүстік Қазақстан облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 236 жеңілдетілген несие берілген, деп хабарлайды 24KZ. Бұл мақсатқа қазынадан 2 млрд-қа жуық қаржы бөлінді. Ауылдықтар мемлекеттің қолдауымен жеке кәсібін ашып, шаруасын дөңгелетіп отыр. Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова өңірде бағдарламаның жүзеге асу барысымен танысты.
«Ауыл аманаты» бағдарламасымен берілетін 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие және ыңғайлы кредиттік каникул жүздеген тұрғынның кедергісіз кәсіп бастауына мүмкіндік берді. Қызылжар ауданында тұратын Сатыбалдиндер отбасы да тәуекел етіп, үйін кепілдікке қойып, 8 млн теңге несие алды. Сөйтіп, зейнет демалысындағы әскери мен ветеринар маман бір жыл бұрын кәсібін бастады. Қазір 800 тауықтың жұмыртқасын сатып, күнделікті табыс табады. Зейнеткерлер мен мүгедектігі бар жандардың үйіне жеткізіп береді.
Сара Сатыбалдина, жеке кәсіпкер:
- Кепілдікке үйімізді қойдық, несие берді. Өзім құс шаруашылығы бойынша ветеринармын. Несиеге берілген ақшаға басында 500 тауық сатып алғанбыз. Тапсырыспен 5 тор жасаттық. Қажетті жабдықтарды алдық. Қаражаттың 20%-ін жем алуға жұмсадық.
Ерлі-зайыпты кәсіпкерлер қарызды мерзімінен бұрын төлеп, тағы да несие алуды жоспарлайды. Бұл жолы инкубатор сатып алып, кәсіпті кеңейтуді көздеп отыр.
Былтыр Қызылжар ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 45 шағын және орта бизнес нысаны ашылды. Бұл мақсатқа 398 млн теңге бөлінді. Ал көршілес Есіл ауданында 2023 жылы 14 шағын кәсіпкерлік нысанын дамытуға 91 млн теңге берілген. Қаржының басым бөлігі мал шаруашылығын дамытуға жұмсалды. Зейнет демалысына шыққаннан кейін Жомарт Шамшуменов қосалқы шаруашылығын үлкен фермаға айналдыру үшін 8 млн 600 мың теңге жеңілдетілген несие алған. Болашақта кәсібін кеңейтіп, асылтұқымды мал басын көбейткісі келеді.
Жомарт Шамшуменов, жеке кәсіпкер:
- 8 бас симментальды тайынша әкелдім. 24 бас ұрғашы тоқты әкелдім, елдібай тұқымы, және 2 бас қошқар әкелдім. Оның бәрі асылтұқымды, осы СҚО-дағы ЖШС-лардан алдым.
Өңір кәсіпкерлері әлеуметтік жауапкершілікті де сезінеді. Мысалы, Явленка ауылындағы наубайхана ауданның біраз бөлігін арзан нанмен қамтамасыз етіп отыр. Кәсіп иесі жергілікті диірмен басшысымен арнайы меморандумға отырған. Кәсіпорын жылына 360 тонна бірінші сұрыптағы ұн шығарады. Ұнның келісі 120 теңге.
Наубайхана күніне үш мың бөлке нан пісіреді. Аудандағы шағын орталықтар, аурухана, балабақшалар мен мектептерді әлеуметтік нанмен қамтамасыз етеді.
Ольга Коптева, жеке кәсіпкер:
- Айына 30 тонна ұн аламыз. Бағасы арзандатылған, яғни бір келісі 120 теңге. Әлеуметтік нанды жеткізу қызметі де бар. Ауданның 80%-ін нанмен қамтып отырмыз. Әлеуметтік нан бағасы 110 теңге болса, коммерциялық бағамыз 150 теңге.
Тамара Дүйсенова аудан және ауыл әкімдерімен жиналыс өткізіп, нақты тапсырмалар берді. Кәсібін жаңадан бастағандар өнімін кедергісіз сатуы үшін жергілікті жерде жағдай жасау керектігін айтты. Бұл орайда ауыл әкімдерінің де жауапкершілігі жоғары болуы тиіс. Вице-премьер ауылдықтардың өмір сапасын арттыру мақсатында жергілікті әкімдер халықты мемлекеттік бағдарламалармен таныстырып, ақпараттық жұмысты күшейту қажеттігіне тоқталды.
Авторлары: Наталья Волкова, Толеген Иманов.