Үкімет пен Ұлттық банк валюта нарығын тұрақтыру үшін бірлескен шаралар қабылдайды
Үкімет пен Ұлттық банк валюта нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін үйлестірілген шаралар қабылдап жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров осылай деді. Кейінгі бірнеше аптада ұлттық валюта бағамы әлсіреді. Нұрлан Байбазаров бұл бірқатар сыртқы фактордың ықпалынан туындаған құбылыс екенін мәлімдеді. Атап айтқанда, соңғы айларда жаһандық доллар индексінің күшеюі, мұнайдың әлемдік бағасының біршама төмендеуі және Ресей рублінің әлсіреуі әсерін тигізбей қоймады. Қазір Үкіметтің басты міндеті – халықтың әлеуметтік жағдайының нашарлауына жол бермеу, сондай-ақ кәсіпкерлерге келетін теріс әсерді азайту. «Үкіметте бұл үшін жеткілікті ресурстар мен құралдар бар», - деп сөзін түйдеді Ұлттық экономика министрі.
Нұрлан Байбазаров, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі:
- Өткен аптада АҚШ долларының бағамы 500 теңгеден асты. Осыған байланысты бизнес пен азаматтарымыздың алаңдаушылығын түсіне отырып, Үкімет пен Ұлттық банк валюта нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша келісілген шаралар қабылдауда. Экономика мен халық үшін ықтимал теріс салдарды тұрақтандыру әрі барынша азайту үшін барлық қажетті шаралар қабылданатын болады.
Негізі Үкімет келер жылдың басынан бастап мемлекеттік жәрдемақылар мен зейнетақыны индекстейтін болады. Яғни, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап ортақ зейнетақы 8,5, ал әлеуметтік қолдаулар мен базалық зейнетақы 6,5%-ке дейін артады. Айта кету керек, келесі жылдың республикалық бюджетінде осы әлеуметтік төлемнің 42 түріне 6 трлн теңгеден астам шығыстар көзделген. Бұл осы жылғымен салыстырғанда 671 млрд-қа көп.
Нұрлан Байбазаров, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі:
- Балалары бар 2 млн-ға жуық қазақстандық отбасы республикалық бюджеттен берілетін жәрдемақылармен және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдермен қамтылды. 2025 жылдың басынан бастап балалары бар отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылардың барлық мөлшері 6,5%-ке индекстелетін болады. Жалпы 2025 жылға арналған республикалық бюджетте балалары бар отбасыларға жәрдемақы төлеуге 875,1 млрд теңге қарастырылған.