Маңғыстау кәсіпкерлері 147 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр
Маңғыстау облысының кәсіпкерлері 147 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр.
Бұл, өңірде тұрақты жұмысы барлардың 42%-ін құрайды. Кәсіп ашқан азаматтарға бірыңғай қолдау бағдарламасымен субсидия беріледі. Биыл бұл мақсатқа 17,4 млрд теңге бөлінді. Оның 3 млрд 100 млн теңгесі жергілікті бюджеттен берілді. Нәтижесінде кәсіпкерлер ауылшаруашылығы, сервистік қызмет көрсету және қолөнер саласында түрлі жобаларды жүзеге асырып жатыр.
Маңғыстаулықтар тек мұнай саласында ғана жұмыс істейді деген қате пікір бар. Мемлекеттік қолдаудың арқасында өңірде шағын және орта бизнес субьектілерінің саны жылдан жылға өсіп келеді. Қазірдің өзінде 77 мың 451 кәсіпкер өз ісін дөңгелетіп отыр.
Маңғыстау кәсіпкерлері биыл жыл басынан бері 1 триллион теңгеден асатын өнім өндірді. Жалпы соңғы 2 жылдың көрсеткіштеріне көз жүгіртсек. 2022 жылы 1 595 жоба субсидияланып, 982 млрд теңгенің өнімі өндірілді. 890 жұмыс орны құрылды. Салықтық түсім көлемі 91,2 млрд теңгені құрады. Былтыр іскер азаматтар 410 жұмыс орнын ашып, 97 млрд теңге салық төледі. Сондай-ақ 1 триллион 81 млрд теңгенің өнімін шығарды. Өңірде кәсіпкерлік саланың дамуы осы қарқынмен жалғасып келеді.
Пікір Сансызбаев, облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасы басшысының орынбасары:
- Қазіргі таңда 44,3 млрд қаражатты құрайтын 1231 жоба қаржыландырылды. Нәтижесінде, 373 адам жаңа жұмыспен қамтылды. 411 адамның жұмыс орындары сақталды. Сонымен қатар, жергілікті бюджеттен шағын және орта бизнеске 5 млнға дейінгі гранттар қарастырылған. Биылға 100 млн теңге қаражат бөлінді. Бұл қаржы «Бір ауыл - бір өнім» финалистеріне және әлеуметтік кәсіпкерлік жобаларды қаржыландыруға қарастырылған.
Мұнайлы тұрғыны Нұрқия Бекниязова 35 сотық жерде 5 жылыжай салған. Ол биыл «Бір ауыл - бір өнім» жобасымен 5 млн теңге грант ұтып алған 7 кәсіпкердің бірі. Іскер әйел тамшылатып суару әдісімен айына бір тонна бақша дақылын өсіреді. «Жылыжай жұмысы жазда қызады. Қыста сол қарқында жалғастыруға жылу жүйесі керек. Мемлекеттен берілген қайтарымсыз қаржыны соған жұмсаймын» - дейді ол.
Нұрқия Бекниязова, ауыл тұрғыны:
- Бұйырса, осы 5 теплицаға котель аламыз. Сосын гидропоника мен микрозеленьге оборудование аламыз. Соған жоспарлап отырмыз. Жұмысшыларымыз бар ия, екі адам жұмыс жасайды. Тағы да төрт адам алғымыз келіп отыр. Котель қойғанымыз өніміміз де, үкіметке төлейтін салығымыз да көбейеді.
«Бір ауыл - бір өнім» жобасы өткен ғасырдың 70-ші жылдары жапон елінен бастау алған. Бүтін бір ауыл немесе сол елдімекенде тұратын бір кәсіпкердің бәсекеге қабілетті өнім шығаруына мемлекет қолдау көрсетеді. Елімізде 2022 жылдан бастап Ақмола, Қостанай, батыс Қазақстан және Маңғыстау облысында пилоттық жоба түрінде қолға алынды. Қазір барлық өңірде қолданыста бар.
Рашит Мұстапаев, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры:
- «Мен кәсіпкер» деген үлкен ұлттық бағдарлама бар. Екі бағытқа бөлінеді. Біреуі «Кәсіпке бағыт» деген, сосын «Әйелдің кәсібін дамыту» деген орталық. Соның ішінде «Бір ауыл-бір өнім» жобасы бар. Ұлттық министрліктің жобасы бойынша біздер, Маңғыстау бірінші орындамыз.
Ауылда кәсіпкерлік саланы дамытуды көздейтін жоба Қазақстанда 2026 жылға дейін жалғасады. Биыл облыс әкімдігінен 100 млн теңге бөлінсе, келесі жылы да осынша қаржы бөлу жоспарланған. Бұдан бөлек, әлеуметтік осал топтағы тұрғындар да мемлекеттік бағдарламаның шапағатын көріп жатыр. Биыл осы санаттағы 50 адам 400 айлық-есептік көрсеткіш түріндегі грант ұтты.
Құралай Таумашова жалғызбасты ана. 38 жастағы әйелдің ерекше күтімдегі баласы бар. Бұған дейін ол шеберлік курсын тегін оқыған. Бизнес-жоспар жасап, сәтті қорғап шықты. Грант түрінде берілген 1 млн 225 мың теңгеге тігін машиналарын алып, шағын шеберхана ашты. Құрақ көрпе, ұлттық киім, бесік жабдығын әзірлеп, табыс тауып отыр.
Құралай Таумашова, қала тұрғыны:
- Аллаға шүкір, қыздарымды да емдетуге. Оларды асырауға өзімнің табысымды тауып отырмын деп айтсам болады. Басты арманым - қазіргімді үлкейтіп, тағы бірнеше жұмысшылар алу. Әзірге бір көмекшім бар.
Мамандар өз бетімен табыс табуға ниетті әлеуметтік осал топтағы адамдарды бағыттауға әзір. Қайтарымсыз грант алуға үміткер "Еңбек.kz" сайтына тіркелуі шарт. Сол жерде "Бастау-бизнес» бағдарламасын онлайн оқып, кәсіп ашу тетіктерін меңгеруі тиіс. Содан кейін өз жобасын комиссия алдында таныстырады.
Талғат Исламұлы, тілші:
- Бүгінде кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған пилоттық жоба жасалып жатыр. Өңірлік бағдарлама «Mangystau business» деп аталады. Оның аясында бар-жоғы 1 пайызбен несие рәсімдеуге болады. Аймақта бұрын болмаған, нарықта қажеттілігі жоғары жобаларға басымдық берілмек. Жалпы бұған дейін айтылған бағдарламалардың көздеген мақсаты да бір. Жұмыссыз тұрғындардың мұнайдан басқа салада табыс көзін табуға ынталандыру. Бұл бағытта мемлекеттен қолдау бар.
Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев, Александр Убейкин