Жамбыл облысында натрий цианидін өндіретін зауыттың қуаттылығы артады
Жамбыл облысында натрий цианидін өндіретін зауыттың қуаттылығы екі есе артпақ.
Қаратау қаласындағы кәсіпорын жылына 30 мың тонна өнім шығаруды жоспарлайды. Осы мақсатта зауыттың екінші кезеңінің құрылысы басталды. Ауқымды жобаны Қазақстанның Даму Банкі қаржыландырған. Жаңа зауыт құрылысы қашан аяқталады, және ол ішкі нарықтағы сұранысты қаншалықты қамтамасыз ете алады?
Елдегі натрий цианидін өндіретін алғашқы зауыт 2014 жылы Талас ауданында салынды. Мұнда шығарылатын реагент алтынды басқа қоспалардан ажырату үшін қолданылады. Кәсіпорында 600-ден аса адам еңбек етеді. Қазір зауыт толық қуаттылықта жұмыс істеп, жылына 15 мың тонна натрий цианидін өндіреді. Өнім ішкі нарықтан бөлек Моңғолия, Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан мен Тәжікстанға экспортталады.
Мерей Омаров, "Talas Investment Company" ЖШС бас директоры:
- Өнімге сұраныстың ұлғаюына байланысты компания құрылтайшысы өнім көлемін арттыру жөнінде шешім қабылдады. Осылайша соңғы технологиямен жаңа зауыт құрылысына жоба жасалды. Нәтижесінде өндірілетін жылдық негізгі өнім көлемі – 30 мың тонна, қосалқы өнім 10 мың тоннаға жетеді. Яғни екі есе артады.
Қазір зауыттың екінші кезеңінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жоба іске қосылғаннан кейін 300 жаңа жұмыс орны ашылады деп көзделген. Құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін жеке қаражатпен қатар Қазақстанның Даму Банкі және «Baiterek Venture Fund» АҚ тарапынан қаражат тартылды.
Бақытгүл Бижанова, "Қазақстанның даму банкі" АҚ аға банкирі:
- Бұл ең әуелі импортты азайтып, жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қаржы химия өнеркәсібіндегі кәсіпорындарды қолдау мақсатында бөлінді. Мысалы, Қазақстанның Даму Банкі бұл кәсіпорынға 2015 жылы 49 миллион доллар көлемінде қаржы бөлді. Өндірістік қуатын 30 мың тоннаға жеткізу үшін биыл қосымша 17 млрд теңге бөлініп отыр.
Кәсіпорындағы екінші кезеңнің құрылысы келер жылдың желтоқсанында аяқталады. Осылайша зауыт елдегі натрий цианидіне деген сұранысты толық қамтамасыз етуді көздейді. Жалпы өндіріс орны қалдықсыз технологияға негізделген. Натрий цаинидін өндіру процесінде аммоний сульфаты шығарылады және ол тыңайтқыш ретінде ауыл шаруашылығында қолданылады.
Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділдә