Еліміздің тау-кен саласында ШОБ үлесі артты

Еліміздің тау-кен секторында 6 мыңнан аса шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген.

Иә, қазір 83%-тен астамы тұрақты жұмыс істеп тұр. Десе де, бұл елдегі белсенді шағын және орта бизнестің небәрі 0,2%-іне тең.

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- Он айда тау-кен өндіру өнеркәсібінің ЖІӨ-дегі үлесі 13,2%-ті құрады. Қазір аталған секторда 42 мың адам еңбек етеді. Экономикалық зерттеулер институтының сарапшылары адам саны аз болғанымен, өнімділіктің айтарлықтай жоғары деңгейде екенін алға тартады. Мәселен, сектордағы ШОБ-тің орташа өнім шығарылымы 38,4 млн теңгеге тең. Елде тау-кен бағытында 6160 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның 83,5%-і белсенді жұмыс істеп тұр. Ал өндірілген өнімнің жалпы көлемі 1,6 трлн теңге. Минералдық шикізат өндірісінің жандануы мен өңдеу қуаттарының кеңеюі салаға оң нәтиже беріп жатыр. Үкімет те қалдықтарды қайта өңдеп, энергия тұрғысынан тиімді шешімдерді енгізіп жатқан шағын және орта бизнеске қолдау көрсетуде.

Экономикалық зерттеулер институты:

- Интеграцияланған кешендерді құру тәжірибесін де атап өту керек. Онда шағын кәсіпорындар қосымша құн тізбегіне, шикізатты өңдеуден бастап дайын өнім шығаруға дейін қатысады. Қарағанды облысы – Қазақстанның жетекші өнеркәсіптік өңірі. Мұнда шикізат өндіруден бастап оны терең өңдеуге дейінгі толық циклді қамтитын өнеркәсіптік кластерлер белсенді дамып жатыр. Өңірде жұмыс орындарын құруға және экономикалық өсуге ықпал ететін жаңа өндірістерді құру мен қолданыста барын жаңғыртуға бағытталған инвестициялық жобалар жүзеге асырылды. Алдағы уақытта бұл саланың инвестициялар, цифрлық технологияларды енгізу және жасыл бастамаларды дамыту арқылы өсуі күтіледі.

 

Елде қатты пайдалы қазба қоры өсті

Елде кейінгі 30 жылда темір, марганец, алтын, уран, мұнай және газ қоры өскен. Мысалы, өндірілген 1 тонна алтынның орнына 1,2 тонна қор толығады. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев тәуелсіздік алғалы жер қойнауын пайдалану құқығын беру 6 есе өскенін айтты. 2018 жылы қабылданған Кодекс аясында елдің барлық аумағына геологиялық барлау мүмкіндігі ашылды. Ал зерттеу лицензиясы өтінімді бірінші енгізген инвесторға беріледі. Сөйтіп, 2906 барлау және 111 өндіру лицензиясы берілген. 5 жылда геология саласына $1 млрд жеке инвестиция тартылды. Былтыр 10 ірі халықаралық компания шамамен 41 млрд теңге бөлген, оған 25 мың шаршы шақырымнан астам аумақ зерттелді. Кешегі Үкімет отырысында Премьер-министр пайдалы қазбалардың сапалық құрамы төмендеп баратынын жеткізді. Демек, салаға көлемді қаражат тартып, кен өндіру мен тазартудың жаңа технологияларын әзірлеуге басымдық беру керек. Олжас Бектенов инвестиция тарту үшін нақты шаралар қабылдап, жеңілдіктерді қарастыруды тапсырды.

 

Тау-кен саласына инвестиция тарту керек

Иә, тау-кен саласына инвесторларды көбейту керек. Бұл үшін Дүниежүзілік банк Салық кодексінің жаңа жобасы шеңберінде роялти мәселесін енгізуді ұсынды. Ол арқылы сатылған өнім немесе пайда көлеміне негізделген төлемдерді есептеу мүмкін болады. Сондай-ақ ел ішінде өңделетін минералды шикізаттан өңделмеген экспортталатын минералды шикізат өнімдеріне қарағанда төмен салық алу ұсынылады. Ал энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженов Ұлттық компаниялар қызығушылық танытпаған кен орындары жеке инвесторларға сатылуы мүмкін деді. Оның сөзінше, аз зерттелген учаскелерде геологиялық барлауға өз қаражатын жұмсауға дайын жеке инвесторлар бар. Десе де, Үкімет басшысы Олжас Бектенов еліміздің жер қойнауын барлауды бірінші кезекте отандық мемлекеттік компаниялар жүргізуі керектігін ескертті.