2030 жылға таман қазақ-қырғыз тауар айналымы $3 млрд жетеді

2030 жылға қарай қазақ-қырғыз сауда айналымы 3 млрд долларға жетеді, деп хабарлайды 24kz.

Бұған «Қарасу» және «Ақ-тілек» автожол өткізу пункттері ауданында салынатын индустриялық сауда-логистикалық кешені ықпал етпек. Бүгінде Жамбыл облысы аумағында «Алатау» өңірлік индустриялық аймақ құрылды. Бұл туралы Бішкекте өткен қазақ-қырғыз Үкіметаралық кеңесінің 12-ші отырысында айтылды.

Премьер-министр Олжас Бектенов пен Қырғызстан Министрлер кабинетінің төрағасы – Президент Әкімшілігінің басшысы Ақылбек Жапаров екі елдің мемлекеттік шекарасында автомобиль өткізу пункттерін дамыту жөніндегі Жол картасын іске асыру мәселелерін талқылады.

Еліміз заманауи автоматтандырылған бақылау және тексеру жүйелерін енгізуді көздейді. 8 айда екі ел арасындағы жүктерді автомобильмен тасымалдау 4%-ке ұлғайып, 3 млн тоннаны құрады. Көлеңкелі тауар айналымын қысқарту және екіжақты уағдаластықтарды іске асыру бойынша сындарлы бірлескен жұмыс жүріп жатыр. 9 айда тараптар 1,2 млрд доллардан аса тауар алмасты, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,6%-ке көп.