Павлодар облысы инвестиция тартуда көш бастады
Павлодар облысының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішінде айтарлықтай өсім байқалады, деп хабарлайды 24KZ. Өңір ауыл шаруашылығы мен өндіріске инвестиция тарту жағынан ел көлемінде көш бастады. Коммуналдық сала бойынша да біршама шаруа атқарылған. Жылу желілерін кең ауқымды жаңғырту ісі Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларын қамтыды. Өндіріс ошақтары көп шоғырланған индустриалды өлкеде экология мәселесі де оң шешімін таппақ. Араға ұзақ жыл салып пәтер кезегі алға жылжыды.
Павлодар облысы дамудың жаңа сатысына қадам басты. Соңғы бірнеше жылда алғаш рет өндіріс деңгейі 2 триллион 800 миллиард теңгеге жеткен. Аймақ инвестиция тартуда еліміз бойынша екінші орынға шықты.
Облыс экономикасына шамамен 815 миллиард теңге қаржы құйылды. Оның 88%-і жекеменшік компаниялардың үлесінде. Өңірде 140 инвестициялық жоба жүзеге асып жатыр. Он мыңдай жаңа жұмыс орны құрылады. Нақты осы көрсеткіштерімен облыс шикізаттық емес экспорт бойынша республикада бесінші орынға шықты. Биыл аграрлық секторға құйылған инвестиция көлемі бойынша аймақ рекордтық көрсеткішке қол жеткізді.
Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі:
- Облыс бойынша 1 миллион 600 мың гектар егістік алқабы жиналды. 100%. 1 миллион 100 мың тонна дәнді дақылдар жиналды. Оның үстіне жаңағыдай мал азығы бар, майлы дақылдар бар. Соның бәрін қосқанда 1,5 миллион тоннадан астам ауылшаруашылық өнімін жинадық біз. Ал енді нақты бір көрсеткіштерге келетін болсақ, ауыл шаруашылығына инвестиция көлемі бойынша мемлекетте біз бірінші орындамыз. Ауыл шаруашылығына 200 миллиардқа жуық инвестиция тартылды. Оның үстіне ауылдық елді мекендерде, айтып кететіні, 500 жаңа жұмыс орны ашылды.
Өнеркәсіптің өсуінен әдетте өңірдің экологиясы зиян шегетіні ақиқат. Аймақтың индустрияландыру серпінін сақтай отырып, қоршаған ортаны ластанудан сақтаудың маңызы зор. Осы орайда кәсіпорындардан соңғы ecofriendly технологияларын қолдану талап етіледі. Ол ауаға таралатын зиянды қалдықтардың көлемін 50 мың тоннаға дейін төмендетеді. Кешенді экологиялық жобаны облыс бойынша төрт ірі кәсіпорын енгізген.
Қоршаған орта тұрмыстық қалдықтармен де ластанып барады. Экологтар жыл басынан бері 200-ден астам заңсыз қоқыс полигонын анықтады. «Алайда көп ұзамай бұл мәселе шешімін табады», – дейді жауапты сала мамандары. Келер жылы қалдықтарды қайта өңдейтін зауыттың құрылысы басталады. Жаңа кәсіпорын салынатын орын белгіленген. Қазір инженерлік инфрақұрылымын тарту жұмыстары жүріп жатыр.
Сағын Төлеутаев, жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы:
- Жобаның құны 8,5 миллард теңгені құрайды. Бұл жоба екі кезеңге бөлінеді. Бірінші жаңағы сұрыптау линиясы болады, екінші кезеңде бұл зауыттың өзі және өңдеу зауытының құрылымы. Жобаның басталуын 2025 жылдың сәуір айы деп жоспарлап отырмыз. Жалпы жылдың соңына дейін бұл зауыт қолданысқа беріледі.
Жаңа зауыт жылына 150 тонна қалдықты сұрыптайды. Оның 10%-і қайта өңделеді. Қосымша 150 жұмыс орны ашылады. Жергілікті коммуналдық кәсіпорын жаңа өндірістің іске қосылуын күтпестен, дайындық шараларын бастап кетті. Мәселен, қоқыс тасымалдайтын 18 арнайы көлік, 800-ге тарта еуроконтейнер алынған. Бұдан бөлек, Павлодар облысында жылу желілерін жаңғырту бойынша құны 25 миллиард теңгеге түскен төрт ірі жоба жүзеге асты. Ақсу, Екібастұз қаласымен облыс орталығында ұзындығы 33,1 шақырым болатын жылу желілері жаңартылды.
Ержан Иманзайыпов, ТКШ басқармасының басшысы:
- Жалпы жыл сайын біз жаңа жобаларды жоспарлаймыз. Ол, мысалы, Екібастұз қаласында ТМ-7 жобасы бар. Павлодар қаласында жаңа жоба ТМ-20, қазіргі таңда Екібастұзда мемлекеттік сараптама шықты. Ал Павлодар қаласында мемлекеттік сараптама желтоқсан айында шығады. Енді жыл сайын осындай жөндеу жұмыстарын өткіземіз. Ол шамамен 30-35 шақырым болады.
Екі жыл ішінде өңірде жылу орталықтары мен магистральдарын жаңғыртуда қыруар іс тындырылды. Тұрғындар тарапынан жылуға қатысты шағым жоқ. Облыс үшін тағы бір маңызды мәселе бар. Ол – тұрғын үй құрылысы. Биыл әлеуметтік баспана кезегі алға жылжып, он айда 390 мың шаршы метрге жуық пәтер тапсырылған. Бұл былтырға қарағанда 19%-ке көп. Халықтың әлеуметтік аз қамтылған тобына жататындарға арнайы қаржы бөлінген.
Асқар Ажмұрат, құрылыс басқармасының басшысы:
- Бюджеттік бағдарлама бойынша бізге биыл 12 миллиардтан аса ақша республикалық бюджеттен бөлінді. Бұл қаражатқа біз 804 пәтер сатып алып жатырмыз. Қазіргі таңда 408 пәтер алынды. Енді қалған 398 пәтерді, міне, осы жылдың аяғына дейін аламыз.
Облыс орталығындағы ең ірі жоба – Достық шағынауданының құрылысы. Онда қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартатын әлеуметтік маңызды инфрақұрылымдардың барлығы қамтылады. Жайлы мектеп, мұз аренасы, балабақша, аурухана, сауда үйлері бой көтереді. Құрылысы 2030 жылға дейін жалғасатын жаңа ауданда 30 мың адам тұрады деп жоспарланып отыр. Облыс орталығында халық саны 400 мыңға жуықтайды. Ал 20 жылдан кейін тұрғындардың саны Павлодарда 460 мыңға жетуі мүмкін.
Халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартудың тағы бір көрсеткіші – қоғамдық көліктердің сапасын арттыру болса керек. Соңғы екі жылда жаңадан 200 автобус алынды. Трамвай депосы алдағы уақытта 25 жаңа вагонмен толығады. Ал Павлодардың әуежайында ұшу-қону жолағы жөнделіп жатыр. Теміржол вокзалы толық жаңғыртудан өтті. Облыс орталығында жүзеге асып жатқан тағы бір ірі жоба бар. Ол – Ертіс өзені арқылы өтетін автокөлік көпірі. Құны 70 миллиард теңгеге түскен жаңа көлік өткелі тозығы жеткен ескі көпірді алмастырады.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков.