Отандық өнімдер Иран нарығына шығады

Қазақстандық тауарлар енді Иран нарығына жеткізіледі, деп хабарлайды 24KZ. Бүгін Мәжіліс тиісті келісімді ратификациялады. Құжат Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер мен Иран арасындағы еркін сауда жүргізуді көздейді. Бұл келісімге былтыр Санкт-Петербургте қол қойылған.

Құжаттың басты мақсаты – сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту және серіктес елдердің нарығына тауарларды ілгерілету үшін қолайлы жағдай жасау. Ратификацияның арқасында отандық тауарлардың Иран нарығына шығу мүмкіндігі артады. Сонымен қатар тарифтік емес шаралар реттеліп, сауда үшін тұрақты ережелер жасалады.

Қайрат Төребаев, ҚР Сауда және интеграция министрінің міндетін атқарушы:

- Жаңа келісім ратификацияланғаннан кейін біздің экспортымыз 90 түрлі тауарларға 0%-тік баж салығы қолданылады. Соның ішінде болат та бар. Қазір ол 11%-тік баж салығына ие. Енді осы қол қойылғаннан кейін ол нөлге түседі.