Депутат: Бюджеттің әр теңгесі қоғамның бақылауында болуы тиіс
Бұдан былай Ұлттық қор қаражаты тек өндіріске және елді мекендердің өмірлік маңызы бар инфрақұрылымына жұмсалады, деп хабарлайды 24KZ. «Самұрық-Қазына» қорының кем дегенде 50% табысы, ал квазимемлекеттік компаниялардың 70% кірісі бюджетке аударылады. Бұрын Үкімет қаулысымен бекітіліп жүрген норма бүгінде кодекске енгізіліп отыр. Осылайша, Мәжіліс жаңа Бюджет кодексін екінші оқылымда бірауыздан мақұлдап, Сенат қарауына жолдады.
Енді республикалық бюджетке енгізілетін барлық түзету Парламентке ұдайы хабарланып отырады. Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметіне палата бақылауы күшейеді. Бюджет жобасын талқылау кезінде тараптардың ұстанымы ашық режимде тыңдалады. «Бюджеттің әр теңгесі депутаттардың ғана емес, қоғамның да бақылауында болуы тиіс», – дейді мәжілісмен Еркін Әбіл.
Еркін Әбіл, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бүкіл мемлекетке қатысты қаражат енді шоғырланып біріктіріледі. Бұрын біз республикалық бюджет пен жергілікті бюджеттерді Мәжіліс және мәслихатта қараған, енді оған қоса парламенттік бақылауда квазимемлекеттік сектордың бюджеті мен әртүрлі мемлекеттік қорлардың бюджеттері болады. Олар да енді парламенттік бақылауда болады. Бұл бірінші.
Екіншіден, бюджетті дайындау, жоспарлау және бекіту жұмыстары 50%-ке қысқартылып, жеңілдетіледі. Сондай-ақ бюджеттік процесті бағалау бұрынғыдай ақшаны игерумен ғана емес, нақты белгіленген нәтижеге жетумен бағаланады.
Татьяна Савельева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Ұлттық қордың нысаналы трансферті болашақта мол табыс әкеле алатын аса маңызды инфрақұрылымдық жобаларға ғана бағытталады. Ұлттық қор есебінен жүзеге асырылатын өзге де ірі жобалар міндетті түрде сараптаудан өтеді. Баламалы қаржыландыру көздері назарға алынады.
Мемлекет басшысы бюджет қаражатын үнемдеп, сауатты пайдалану жөнінде бірнеше рет арнайы тапсырма бергені мәлім. Жоспарлау аясын кеңейту үшін енді 10 жылға арналған ұзақмерзімді болжам жасалады. «Бұл тәсіл қысқа және ұзақ мерзімге бюджетті тиімді игеруге мүмкіндік береді», – дейді Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- Үкіметтен келген кодекстің жобасына депутаттардың тарапынан өте үлкен концептуалды өзгерістер енгізілді. Әсіресе Ұлттық қор ресурстарын тиімсіз жұмсау мәселесі жиі көтерілген болатын. Осы орайда жаңа Бюджет кодексінде сол қаражатты нақты мақсаттарға пайдалану жөнінде норма бекітілді. Ел Президенті де бізге осындай тапсырма берген болатын. Енді Ұлттық қор қаражаты тек өндіріске немесе елді мекендердің өмірлік маңызы бар инфрақұрылымына жұмсалады.
Құжатта бюджет кірістерінің бір бөлігін республикалық деңгейден жергілікті билік органдары деңгейіне беру шаралары да көзделген. Мұның бәрі келешекте жергілікті ресурстарды оңтайлы пайдалануға оң әсер етеді.
Авторлары: Мирлан Алтынбек, Марат Диқанбаев, Ислам Маханбет.