Атырауда мұнай-газ машиналарын жасау мәселесі талқыланды

Атырауда мұнай-газ машиналарын жасауды дамытып, отандық өндірушілерді қолдау мақсатында семинар өтті.

Қазір мұнай-газ секторындағы сатып алулардың негізгі бөлігі, яғни 70 пайызы өңірдегі ірі үш мұнай компаниясына тиесілі. Жиында Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кен орындарына қажетті мұнай-газ жабдықтары таныстырылды. Сонымен бірге мұнай-газ компаниялары мен тауар өндірушілер импортқа тәуелділікті азайтуды көздейтін меморандумға қол қойды. 

Дмитрий Корнилов, жергілікті тауар өндіруші компанияның жоба жетекшісі:

- Біздің компания Атырауда орналасқан. 13 жылдан бері мұнай-газ саласында жұмыс істеп келеміз. Бүгін осы салаға қажетті желдету жүйесін таныстырдық. Шетелдік компаниялар өндіретін өнімді біз де дайындап ұсына аламыз. 

Құдайберген Арымбек, ҚР Энергетика вице-министрі:

- 2024 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша 3 оператордың тауарлар, жұмыстар және қызметтерді сатып алу көлемі 2,8 трлн теңгеден астам соманы құрады. Бұл ретте сатып алудағы елішілік құндылық үлесі 1 жарым трлн теңге сомаға, 53 пайызды құрады. Бұл ұқсас кезеңдегі пайыздық арақатынастағы елішілік құндылық үлесінің көрсеткіштеріне сәйкес келеді.