Қызылордада «Ауыл аманаты» бағдарламасының аралық қорытындысы жарияланды
Қызылордада «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасының аралық қорытындысы жарияланды.
Осы тақырыпқа арналған республикалық семинарға премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова қатысып, бағдарламаны жүзеге асыру тетіктерін жан-жақты түсіндірді. Аталған іс-шараға барлық өңір әкімдерінің орынбасарлары мен ауыл әкімдері, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация өкілдері мен кәсіпкерлер қатысып, өзара тәжірибе алысты.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша елімізде 16 мың шағын несие беріліп, 17 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Президент бастамасымен жүзеге аса бастаған бағдарлама ауылды аймақтағы кәсіпкерлікті дамытуға тың серпін берді. Премьер-минисрдің орынбасары Тамара Дүйсенова алдағы жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы жетілдіріле түсетінін айтты. Оны жүзеге асыруға 50 млрд теңге қаржы бөлінеді.
Тамара Дүйсенова, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
- Сол қаражаттарды алу үшін әрбір облыс әкімшілігі өздерінің жалпы ұйымдастыру схемасын алып келуі керек. Кредит алған әрбір азамат ол өнімін ертең қайда сата алады? Кімге алып барып сата алады? Кім арқылы сата алады? Сол схеманы тоық беруі керек. Осыған көп көңіл бөлдік. Екінші мәселе, барлық қаражат ақпараттандырылған жүйе арқылы берілуі керек. Яғни, кім алды қаражатты? Неге жұмсап жатыр? Яғни, біз оған мониторинг жасап тұруымыз керек.
Республикалық семинарға қатысушыларға сәтті жүзеге асқан жобалар таныстырылды. Соның бірі Шығыс Қазақстан облысынан ашылған демалыс орыны. Ал Батыс Қазақстан облысының Қоскөл ауылында ауылдық кооператив құрылып, жұмыс істей бастаған. Олар осылайша 34 тұрғынның шағын несие алып, құжатын рәсімдеуге көмектескен.
Әділет Мұсағалиев, Қоскөл ауылдық округінің әкімі /БҚО/:
- Соның нәтижесінде ауылымыз бойынша 196 млн теңге қаражат игеріліп, қосымша жаңағы 43 млн теңгеге кооператив ашу арқылы жаңа техникалар алған болатынбыз. Бүгінгі күні ауыл тұрғындары енді өз игілігіне әркім өз кәсібін бастап, 241 бас сүтті бағыттағы сементал сиырын, 849 бас ұсақ қой малын алып келді.
Наталья Свахина кәсіпкер /ШҚО/:
- Несие рәсімдеп, демалыс орнынан тағы бір қонақ күтетін үй салдық. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бізге ұнап жатыр. Төлем жасау кестесі өте ыңғайлы, әрі үстемеақысы да төмен. Сондықтан біз бұл бағдарламаға алдағы жылы да қатысамыз.
Еліміздің түкпір-түкпірінен келген кәсіпкерлердің тәжірибесі семинар барысында жан-жақты талданып, талқыланды. Вице-премьер облыс, аудан, ауылдық округ әкімдеріне әрбір жоба нақты жүзеге асқанша кәсіпкерлерге көмектесуді тапсырды. Өндірілген өнімді өткізу мәселесі де назардан тыс қалмауы тиіс...
Ардақ Айбарұлы, Райхан Тәжібаева, Ақан Алиев, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байдулдаев