2025 жылдан бастап «Наурыз» бағдарламасының алғашқы жарнасы төмендейді

Келесі жылдан бастап «Наурыз» бағдарламасы бойынша жарна көлемі екі есе өседі, деп хабарлайды 24kz.

Яғни, бағдарлама арқылы үй аламын деген адамның шотында кемі 2 млн теңге болуы қажет. Ал қазір 1 млн теңге болса жеткілікті. Жаңа шарттарды енгізуге не себеп?

Нұрқанат Қанапия, тілші:

- Бағдарлама маусым айында іске қосылған еді. Алайда қазір салымшылардың көпшілігі шотына 1 млн теңгені салғанымен, салым сомасы алғашқы жарна – 20% жетпей тұр. Сондықтан банк жарнаны 10%-ке төмендетіп, бірақ ең төменгі шегін 2 млн теңге көлемінде белгілеуді ұсынып отыр.

 

Алғашқы жарна 20%-тен 10%-ке төмендейді

Келесі жылдан бастап «Наурыз» ипотекалық бағдарламасына бірқатар өзгерістер енгізіледі. Мәселен, алғашқы жарна 20%-тен 10%-ке төмендейді. Және бағдарлама аясында дайын пәтерді сатып алуға болады. «Отбасы банк» басшысы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, бұл тұтынушылардың уақытын да, қаржысын да үнемдейді.

Мәселен, қазір бағдарлама шеңберінде жаңадан салынған үйді жөндеусіз ала беруге болады. Үйдің бағасы 25 млн теңге деп есептесек, үй иесі жөндеу жұмыстарына тағы 5 млн теңге қарыз алуға мәжбүр. Барлығы 30 млн теңге қарызға батады. Бұдан бөлек, конкурста жеңімпаз атанған сәттен бастап аз уақытта алғашқы жарна – 20%-ті, яғни 5 млн теңгені шотқа салуы қажет. Бұл аз ақша емес. Жөндеу жұмыстары да бірнеше айға созылуы мүмкін.

Ал жаңадан енгізілген өзгерістер бойынша алғашқы жарна 10%-ке төмендейді. Бірақ 2 млн теңгеден кем болмауы керек. Дайын үйдің құны сәл қымбаттау болатыны белгілі. Үй 30 млн теңгеге бағаланса, жөндеу жұмыстарына ақша, жөндейтін кісі іздеп әуре болудың қажеті жоқ. Яғни, үй иесі уақыт шығындап, жүйке жұқартпайды. Және 30 млн-ның 10%-і – 3 млн теңгені шотқа салса, жеткілікті. «Қазір көптеген қарыз алушылар дайын үйді сатып алғанды жөн көреді», - дейді Ләззат Ибрагимова.

Ләззат Ибрагимова, «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы:

- Бағдарламаға қатысу үшін салымшыда депозитте тек 1 млн теңге болуы шарт еді. Конкурсты жеңген салымшы аз уақыт ішінде пәтердің 20%-ін салуы тиістін. Қазіргі жағдай бойынша 2500-ден астам өтініштің 39%-інде ғана 20%-ті құрайтын жарна бар. Сондықтан келесі жылы бағдарламаға қатысушылар депозитін 2 млн теңге болуын ұсынамыз. Бұл бағдарламаларды жүзеге асыруды тездетеді.

 

Жаңа үйдің әр шаршы метрі – ₸500 мың

Өткен айда елдегі жаңа үйдің бағасы орта есеппен әр шаршы метрге 500 мың теңгенің маңайында тұрақтады. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, ең қымбат баспана – Астанада. Бас қаладағы баспананың әр шаршы метрі 600 мың теңгеге жуықтады. Бұдан кейін екі мегаполис – Алматы мен Шымкентте үй бағасы қымбат. Сондай-ақ Таразда бір шаршы метр – 372 мың теңгеге, ал Көкшетауда 320 мың теңгеге бағаланды. Сарапшылардың айтуынша, кейінгі кезде тұрғын үй нарығындағы сауда бәсеңдеп тұр

Александр Пак, сарапшы:

- Баспана бағасының көтерілуі – қалыпты жағдай. Өйткені бәрі қымбаттап келеді. Қымбатшылық нарыққа әсер етіп отыр. Қазір үй саудасы саябырсыды. Керісінше, пәтерді жалға беретіндер көбейді. Яғни, қазір халық үйді алып, сатқаннан көрі жалға бергенді тиімді бизнес деп біледі.

 

Биыл елде 18 млн шаршы метр үй салынады

Жалпы биыл елдегі тұрғын үй құрылысында рекордтық көрсеткіш тіркелуі мүмкін. Жыл соңына дейін 18 млн шаршы метр үй салынады. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметіне сүйенсек, осы құрылыстардың арқасында 160 мыңнан астам азамат қоныс тойын тойламақ. Сондай-ақ биыл мемлекет есебінен 22 мыңнан астам жалдамалы пәтер сатып алынды. Бұдан бөлек, жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама арқылы 7861 несие берілді. Жалпы тұрғын үй құрылысын дамытуға 965 млрд теңге қаражат бөлінді.