Түркістанға ерекше мәртебе беру туризмнің дамуына қалай әсер етеді?
Түркістан туристер үшін елдегі ең тартымды қалалардың бірі.
Мұнда туризм тарихи-танымдық, экологиялық және емдік-сауықтыру бағытында дамып келеді. Өткен 10 айдың өзінде шахардағы тарихи орындарға 800 мыңға жуық адам саяхаттаған. Соңғы 3 жылда қаладағы туристік-сервистік қызмет көрсететін нысандардың да саны айтарлықтай өскен. Мәселен, 2021 жылы қалада саяхатшылар аялдайтын 38 қонақ үй болса, қазір оның саны 68-ге жетті. Жыл соңына дейін заманауи келбетке ие тағы 3 қонақ үй пайдалануға берілмек. Бұл рухани қалаға келетін туристер легінің артқанын көрсетеді. Мамандар қазір 3 шетелдік, 10-ға жуық ішкі әуе рейсі жолаушыларға қызмет көрсететінін, ал заң күшіне енгеннан кейін, олардың саны арта түсетінін айтады. Бүгінге дейін туризм саласына 145 млрд теңге инвестиция тартылды. Ал жаңа заң аясында қала әкімдігі мен мәслихатына 34 түрлі құзырет беру көзделіп отыр.