Астанада KPI lnc. компаниясының логистикалық қоймасы ашылды
Елордада Kazakhstan Petrochemical Industries компаниясының логистикалық қоймасы ашылды. Ол 500 тонна дайын өнімді сақтауға арналған. Қойма қайта өңдеуші компанияларға полимер шикізатының логистикалық қолжетімділігін арттырады. Сонымен қатар жеткізу мерзімін 10 күннен бір күнге дейін қысқартады.
Компания клиенттерінің қатарында Астана, Орталық және Солтүстік Қазақстанның 30-ға жуық кәсіпорны бар. Олар осы қойма арқылы шикізатты қысқа мерзімде ала алады. Бүгін осы жерден полипропиленнің алғашқы партиясы отандық су сүзгілерін өндірушілерге жіберілді.
Дәмір Әбілдинов, Kazakhstan Petrochemical Industries Inc. компаниясының сату және клиенттік сервис қызметінің басшысы:
- Бұрын олар 5 тоннаға бола Атыраудан Астанаға фура жіберіп алдыртуға мәжбүр болған. Осылайша, әр тоннасы үшін шамамен 35 мың теңге шығын тартатын. Ал мұнда олардың шығындары мен жеткізу мерзімдері айтарлықтай төмендеді. Олар қажет болса, бүгін де ала алады.
Қазір компания полипропиленнің 9 маркасын шығарады. Ол құрылыс, медицина, тамақ және тоқыма өнеркәсібінде кеңінен қолданылады.
Әсет Мағауов, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
- Қытайдан полипропилен жеткізілімдерін импортты алмастыру бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Қазірдің өзінде ішкі нарықтағы КРІ-дың үлесі шамамен 50%-ке жетті. Біз қазақстандық өндірушілер үшін полипропилен бағасы төмендеуінің үлкен үрдісін көріп отырмыз. Менің ойымша, логистиканы жақсартып, бағаны түсіру және дайын өнім шығаруда отандық полипропилен тұтынушыларының өзара бәсекелестігін арттырамыз.
Өнімнің сапасы швейцариялық компаниямен сертификатталған. Нәтижесінде KPI өнімдері біздің елде ғана емес, Еуропа, ТМД аумағына, Түркия мен Қытайға экспортталады.
Авторлары: Әлішер Әли, Анэль Едилькызы, Ербол Дайыров.