KazakhExport отандық өндірушілерге көрсетілетін қолдауды күшейтті

«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің еншілес ұйымы KazakhExport компаниясы отандық өндірушілерге көрсетілетін қолдауды күшейтті. Мәселен, тек осы жылы 100-ге тарта экспорттаушыға 330 миллиард теңге көлемінде көмек көрсетті. Олар осы уақыт аралығында 350-ден астам шетелдік серіктестермен келісім жасап үлгерген.

Көкшетаудағы полиэтилен қапшықтарын шығаратын бұл кәсіпорын Орталық Азиядағы ең ірі өндіріс ошағы саналады. Фабрикадағы өнім сұранысқа байланысты дайындалады. Қазір айына шамамен 8 миллион дайын өнім шығарады. Биыл кәсіпорын KazakhExport компаниясы көрсеткен қолдаудың арқасында экспорт көлемін едәуір арттырған.

Бірімжан Сүлейменов, «Новопэк» кәсіпорнының қаржылық директоры:

- 2024 жылы біз «Бәйтерек» басқарушы холдингіне қарасты KazakhExport сақтандыру компаниясынан 500 млн теңге қаржы алдық. Бұл біздің өндіріс қуатын арттырып, экспорт шекарасын кеңейтуге мүмкіндік берді. Қазір біз өз өнімдерімізді Қырғызстан мен Ресей елдерінің нарығына шығардық.

Kazakhexport компаниясы биылдан бастап ұлттық экспорттық агент мәртебесіне ие болды. Осылайша, кепілдендіру және субсидия құралдарына бірқатар өзгеріс енгізілген. «Бұл шаралар да отандық өндірушілердің жұмысына жаңа серпін береді», – дейді басқарушы холдинг директоры.

Әлия Мырзағалиева, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарушы директоры:

- Отандық экпортты дамытуда бұл қаржылық құралдар болып саналады. Кез келген отандық өнім өндірушілері өздерінің тауарларын жүргізуге, яғни KazakhExport агент ретінде ол тауардың өзін жасамайды ғой, оны жасайтын экономикадағы кәсіпкерлер. Яғни, кәсіпкерлер бұл инструментті білген сайын, көрген сайын өздерінің тек қана ішкі нарыққа таласпай, сыртқы нарықпен жұмыс жасау үшін жасалған мүмкіндік.

Сақтандыру компаниясы биылдың өзінде 100-ге жуық отандық өндірушіге қолдау көрсеткен. Олардың басым бөлігі жаңа тұтынушылар болып отыр. Қазір компанияда сақтандырудың 20-ға тарта түрі қарастырылған.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкакенко.