Туроператорлар туристік код беруге тиіс

Жаңажылдық демалыста саяхатшылар саны көбейетіні белгілі. Ішкі бағытпен қатар шетелге сапарлайтындар көп. Ал туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету – маңызды міндет. Саяхатшының амандығын бақылаудағы тиімді құрал – туристік код болып отыр. 

Қазір елде шетелге шыққан туристердің құқықтарына кепілдік беретін арнайы жүйе жұмыс істейді. Бұл жүйенің әкімшісі – «Туристік қамқор» қоры. Туроператорлар әр туриске туристік код беруге міндетті. Код әріптер мен сандардан құралады. Тиімді тұсы – турист код арқылы оператордың жол және қонақүй шығындарын төлегеніне көз жеткізе алады. Тағы бір артықшылығы – туристердің елге оралғаны да осы код арқылы анықталады. Яғни туроператор өз міндеттемесін орындамаған жағдайда немесе басқа да бір оқыс оқиға кезінде туристің аман-есендігін кодты түгендеп білуге болады. Туристік код туроператордың турын сатып алған туриске ғана беріледі. Ал егер адам ешбір туроператорға жүгінбей, өзі саяхаттауға бел буса, туристік код берілмейді. Сондықтан агенттікті таңдаған кезде код берілетініне көз жеткізу қажет.

Қытай туристері бір жарым есе өсті

Отандық туризмді дамыту үшін шет мемлекеттердегі жарнаманы күшейткен маңызды. Биыл Қытайдағы Қазақстан туризмінің жылы деп жарияланғаны белгілі. Жыл ішінде Қытай қалаларында 30-дан астам ірі іс-шара өтті. 200-ден аса келісімге қол қойылды. Қазақстанның туристік орындары таныстырылды. Бейжің, Сиань, Шанхай және Үрімжі қалаларында ел аймақтарының күндері өтіп, 4 туристік көрме ұйымдастырылды. Бұл жұмыстар өз жемісін берді.

Шекара қызметінің дерегі бойынша Қытайға барған қазақстандықтар саны 31%-ке өсті. Ал Қытайдан бізге келген қонақтар саны бір жарым есе артты. Егер былтыр 367 мың Қытай азаматы келсе, биыл 10 айда 550 мыңнан асты. Сондай-ақ келесі жыл Қазақстандағы Қытай туризмі жылы болып жарияланды.

Қытайдағы қазақстан туризмі жылы

Қытайға барғандар – 31%

Қытайдан келгендер – 50%

2023 жылы – 367 мың

2024 жылы – 550 мың

Ержан Еркінбаев, ҚР Туризм және спорт министрінің орынбасары:  

- Биылғы жыл Қазақстан мен Қытайдың туризм саласындағы өзара іс-әрекетінің айтарлықтай кеңеюімен ерекшеленді. Біздің елдеріміз арасындағы туристік ағын елеулі өсімді көрсетті. Бұл бізді тату көрші екендігімізді, өзара түсіністік пен мәдени алмасуға деген ортақ ұмтылысымызды көрсетеді. Ерекше іс-шара ретінде Бейжіңде өткен Қазақстан-Қытай туризм және инвестициялар форумын атап өтуге болады.

Шетелдік туристер көбейді

Туризм және спорт министрлігі қыс мезгілінде саяхатшылар көп баратын үздік бестікті анықтады. Бұлардың қатарында Бурабай және Катонқарағай курортты аймақтары, Көкшетау, Алматы тау кластері және Шарын шатқалы бар. Бурабай курортты аймағы елдегі қысқы демалыстың негізгі бағыттарының бірі саналады. Биылғы қаңтар-маусым айларында өңірге барған туристер көбейген. Аймақтағы қонақүйлер саны 200-ден асып, туристер 144 мыңға жуықтады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11 мың адамға көп. Ал Қатонқарағайға жарты жылда барған қонақтар саны екі есе өсіп, көрсетілген қызмет көлемі 18 млн теңгеге артты. Астанаға тиіп тұрған Көкшетауға шаңғы немесе сноуборд тепкенді жақсы көретіндер жиі барады. Сондай-ақ белсенді демалысты сүйетіндер үшін Алматы тау кластері ыңғайлы. Жарты жылда мұндағы қонақ қабылдайтын орындар 500-ден асты. Осы уақыт ішінде Алатау бөктеріне 1 млн 200 мың адам арнайы барды. Сондай-ақ Шарын шатқалы да саяхатшылардың сүйікті орнына айналды. Шетелдіктер тарапынан да қызығушылық жоғары. Биыл жалпы саны 11 млн 500 мың шетелдік турист Қазақстанға саяхаттап келді.