«Кендірлі» курорттық аймағының бас жоспары әзірленді
Қазақстанда ішкі саяхатқа сұраныс артып келеді. 2024 жылы 6 миллионнан астам отандасымыз елдің көрікті жерлерін аралаған. Ішкі туризмді ширату үшін елде үш кешенді жоба әзірленіп жатыр. Ол халықтың сұранысына ие үздік туристік орталықтарды дамытуды көздейді.
Ішкі туризм елдің ЖІӨ-ге қомақты ақша айналымын әкелетін мықты индустрияға айналды және ол экономиканың 30-дан астам саласына жанама түрде әсер етеді. Бұл ретте қазақстандықтардың өз елінде саяхаттауға қызығушылығы артып келе жатқаны қуантады. Мәселен, өткен 9 айда 6 млн қазақстандық ел ішінде саяхат жасаған. Ал шетелден келетін туристер легі 11,5 млн адамды құрады, бұл 2023 жылмен салыстырғанда екі есеге көп. Өңірлерде туризмді дамыту үшін Президент тапсырмасымен бүгінде кешенді жоспар әзірлену үстінде.
Нұрбол Байжанов, ҚР ТСМ Туризм индустриясы комитеті ішкі талдау басқармасының басшысы:
- Бурабай курорттық аумағы бойынша кешенді шаралар 147 іс-шарадан тұрады. Негізгі 12 бағыт қамтылған. Оның ішінде инфрақұрылымды дамыту, логистика, инженерлік инфрақұрылым бар, көліктік қолжетімділік бар, цифровизация бар. Сондай инвестициялық жобаларды іске асыру көзделген және өңірдің туристік әлеуетін ілгерілету бойынша шаралар қабылданған.
Туризм саласындағы үш кешенді жобаның қатарына Маңғыстау курорттық аймағын дамыту шаралары енген. Былтыр Ақтауға келген туристер саны 20%-ке өскен. Туристер легінің артуына байланысты өңірде жылына 300 мың адамға дейін қабылдай алатын «Кендірлі» курорттық аймағының бас жоспары әзірленді. Кендірлі теңіз жағалауының ерекшелігі – шомылу маусымының ұзақтығы. Мұнда туристердің теңізге түсуі, денсаулығын дұрыстауы және тынығуы үшін барлық жағдай жасалмақ.
Нұрдәулет Қилыбай, Маңғыстау облысының әкімі:
- Біздерде, мысалы, жылыжағажайда «Ессентуки № 4» деген суды естегін шығарсыздар. Соның аналогы жатыр бізде. Міне, санаторий, шипажайларды дамытуымыз керек. Яғни, халық сол суды ішу үшін теңіз асып бармауы керек, өзі Маңғыстауда бар нәрсе. Ақтаудың Құрық жағындағы бетін жылы жағажай дейді. Ол жерде бітпей тұрған да қонақ үйлер бар. Біз қазір қаржылық институттар арқылы олардың бітуіне ықпал етуіміз керек.
Маңғыстаудың туристік әлеуетін арттыру үшін Бозжыра мен Айрықты шатқалында екі қонақ үй салу жоспарланып отыр. Бұл жаңа жұмыс орындарының ашылуына, инфрақұрылымның дамуына әсер етеді. Тарихи жердің байырғы бейнесі, табиғи қалпы бүлінбейді. Құрылыс алдында қоғамдық тыңдаулар өткізіледі.
Нұрдәулет Қилыбай, Маңғыстау облысының әкімі:
- Қазір жергілікті компаниямен келісім жүріп жатыр. Ол Алматыда барлық құжаттарын – эскиз, сметалық құжаттарын жасап жатыр. Ол өзі келіп кетті. Бозжыра мен Айрақтыда локациясын таңдап, сол жерде құрылысын бастаймыз деп отырмыз. Меніңше, халық керек дейді. Туризм деген кішкентай ұғыммен шектеліп қалуға болмайды. Егер сол жерге қонақ үй түсетін болса, сол жердегі мал ауылдар бар, олардың да күнкөрісіне оң ықпалын тигізеді.
Аймақтардың туристік әлеуетін дамыта түсу үшін Президент көлік инфрақұрылымын жетілдіруді тапсырды. Бұл бағытта отандық тасымалдаушы жұрт жиі баратын жерлерге жайлы вагондары бар пойыздарды көбейту үстінде. Айталық, 2023 жылы Бурабайға поезбен 188 мың адам сапарлап барса, былтырғы 11 айда жолаушы саны 235 мыңға жеткен. Келер жылы туристік маршруттар бойынша қатынайтын тағы бірнеше пойызды жаңарту көзделіп отыр.
Ануар Ахметжанов, «Қазақстан темір жолы» ҰҚ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
- Былтыр 11 айдың ішінде біз 188 мың туристі Бурабай аумағына жеткіздік. Биыл 11 айдың ішінде 235 мың, 30%-тен асты. Жаз кездерінде Алакөлге 10 қосымша пойызды жібереміз. Биыл 270 мың туристік тасымалдадық. Жаңа ерекшелік, жаңа туристік жоба пайда болды. Ол Алматыдан Түркістанға және Ташкентке бағытталған пойыз.
2024 жылдың 10 айында салаға жалпы құны 86 млрд теңге инвестиция тартылды. Туризмнен түскен салық түсімдері 77 млрд теңгені құрады, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 есеге көп.
Авторы: Қуандық Танабас.