Қ.Тоқаев: Алдағы бес жылдық дамуымыздың берік негізін қаладық

«Мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту». Мемлекет басшысы «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында осылай деді.

Президент былтырғы жетістіктерге тоқталып: «Біз еліміз үшін күрделі болса да, жүйелі экономикалық реформаларды қолға алып, алдағы бес жылдық дамуымыздың берік негізін қаладық. Сол үшін көптеген маңызды жобалар мен бастамалар жүзеге асырылды. Келешекте бұдан да ауқымды жұмыс жасалмақ. Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан былтырдан бастап «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында төлем беріле бастады. Зейнетақы, жәрдемақы, шәкіртақы және азаматтық сала қызметкерлерінің жалақысы көбейді. Еліміздің түкпір-түкпірінде жүздеген жаңа мектеп, балабақша және дене шынықтыру-сауықтыру орталықтары салынды. Шетелдің оннан астам беделді жоғары оқу орнының бөлімшесі ашылды. Ғылымды қаржыландыру көлемі арта түсті, мәдениет саласының қызметкерлеріне елеулі қолдау көрсетіліп жатыр. Бұқаралық спортты дамытуға баса мән берілді. Мұның бәрін азаматтардың жасампаздық әлеуетін арттыру үшін пайдалы инвестиция болады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.