Сенаторлар Атыраудағы кәсіпорындардың жұмысымен танысты

Атыраудағы полипропилен зауыты былтыр 245 мың тонна өнім шығарған.

Бұған дейін 8 түрлі өнім өндіретін кәсіпорын осы айда тағы үшеуін өндіріске енгізбек. Бүгін өңірге жұмыс сапарымен барған ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Сағындық Лұқпанов пен Әлібек Нәутиев арнайы экономикалық аймақта болып, кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Полипропилен зауытына барған сенаторлар өңдеу өнеркәсібін әлі де жандандыру керегін айтты. Кәсіпорын қызметкерлерімен кездесіп, зауыттың толық қуатта жұмыс істеу мәселелерін талқылады. Сонымен қатар Сенаттың атқарған жұмыстарына тоқталып, қаралып жатқан заң жобалары туралы айтты. Ертең Сенат депутаттары Жылыой, Махамбет аудандарын аралайды.

Әлібек Нәутиев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

-КРІ-дың қазіргі жұмыс барысы, өздеріңіз білесіздер, әлі де өзінің толыққанды қуатына шыға алмай жатыр. Себебі көптеген өнеркәсіптік кедергі болып жатыр. Соның бәрін шешу мәселесін қарауға келдік. Екінші – мына жерде салынып жатқан газ конденсаты зауытының құрылыс барысы. Ол да қажет. Себебі Қазақстанда қазір газдың қандай көлемде қажеттілігі бар екенін елдің бәрі жақсы біледі.