Ұшақ апаты: «Хабар» Агенттігінің меншікті тілшісі мен операторы марапатталды
Ақтауда ұшақ апаты кезінде үздіксіз жаңалық таратқан «Хабар» Агенттігінің меншікті тілшісі мен операторы марапатталды.
Журналист Талғат Әділов және оператор Саламат Бекбаев алғашқылардың бірі болып оқиға орнына жетіп, тәулік бойы тікелей эфирде ақпарат таратты. Соңғы жаңалықты жеткізіп, халықты хабардар етіп отырды. Тілшілердің бұл еңбегі ескерусіз қалмады. Одан бөлек, Маңғыстау облысы әкімінің алғыс хатымен 60 адам марапатталды. Олардың қатарында қарапайым аудан тұрғындарынан бастап дәрігерлер, мемлекеттік қызметкерлер мен мұнайшылар бар. Олар апат салдарын жоюға үлес қосқандар.
Талғат Әділов, «Хабар» Агенттігінің меншікті тілшісі:
- Жаңа жыл алдында кезекті еңбек демалысына шыққан болатынмын. Сол күні, яғни 25 желтоқсан күні жергілікті деңгейдегі 11-ден асқан кезде телефоныма толассыз қоңыраулар мен СМС-тер келіп бастағасын, жүрегім сұмдық жайттың болғанын сезді. Ол жердегі көріністі сөзбен айтып жеткізу оңай шаруа емес. Бұл Маңғыстау облысының тарихындағы алғашқы ұшақ апаты болған соң, көріністер әлі көз алдымда. Ешкімнің басына бермесін.
Алмабек Бисен, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс маманы:
- 29 адамның аман-есен жазылып, өздерінің елдеріне жіберілуіне біздің дәрігерлердің еңбегі сіңді. Еңбегімізді елеп, алғыс беріп жатқанына рахмет айтамын.