Түркістан облысында 15 мың тонна азық-түлік қоры бар
Түркістан облысы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша елімізде алғашқы орынға шықты. Соның нәтижесінде өңірдегі инфляция көрсеткіші 7,6% құрап, төмен деңгейде сақталып отыр. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен жиында айтылды.
«Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік коорпарациясы» өкілінің пікірінше, бағаны тұрақтандыруға арналған Делдалдық схемаларды тергеу жөніндегі комиссия белсенді жұмыс істеп жатыр. Былтыр бағаны негізсіз өсіру, сауда үстемесін асыру және арадағы делдалдыққа байланысты 281 іс қаралып, әкімшілік айыппұл салынған. «Осы жұмыстардың нәтижесінде баға тұрақты деңгейде сақталып келеді», – дейді жауаптылар. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, қазір өңірдегі тұрақтандыру қорында 15 мың тоннадан астам әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары сақтаулы. «Бұл кем дегенде 3-4 айға жететін қор. Сондықтан бағаның негізсіз өсуіне себеп жоқ», – дейді мамандар. Ал қоймадағы азық-түлік тауарлары сауда сөрелері мен әлеуметтік дүкендерге жөнелтіліп жатыр. Қазір өңірде 36 әлеуметтік дүкен бар. Биыл олардың санын 50 жеткізу жоспарланып отыр.
Әлібек Плалов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
- 2025 жылдың маусымаралық кезеңіне тұрақтандыру қорын көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету үшін 11 тауар өндірушімен 1,1 млрд теңгеге жалпы 4309 тонна картоп, 2735 тонна сәбіз, 2460 тонна пияз, 1883 тонна қырыққабат өнімдеріне және күріштің 2234 тоннасына, сондай-ақ 1 санатты 13,5 млн дана тауық жұмыртқасын сақтау мерзімімен форвардтық келісімшарт жасалды.