Қазақстанда тауар өндірушілердің цифрлық базасы жасалады

Отандық тауар өндірушілерге көрсетіліп жатқан қолдау жеткілікті ме? Оның тиімділігі қаншалықты? Кейбір қазақстандық кәсіпорындар неге мемлекеттік тапсырыстан шет қалып жатады? Бұл мәселе Қостанайда Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясы депутаттарының жергілікті кәсіпкерлермен кездесуінде талқыланды.

Қостанайдағы мынау тігін фабрикасында 100 адам жұмыс істейді. Негізінен арнайы қызмет киімдерін тігеді. Кәсіби мамандары, құрал-жабдықтары, бәрі сай. Жеңіл өнеркәсіп қауымдастығы берген индустриалдық сертификаты тағы бар. Сөйте тұра, үнемі тендрде ұтылып, мемлекеттік тапсырыстан қағыла береді.

Светлана Шипилкина, тігін фабрикасының директоры:

- Байқауды ұдайы мүгедектер компаниясының ұтуы тұрақты үрдіске айналды. Өйткені олар салық төлемейді. Сондықтан бағаны төмендетуге мүмкіндігі бар. Тәжірибе алмасу мақсатында Өзбекстанға барғанымда сондағы 8 тігін фабрикасы жаңағы мүгедектер компаниясының атауымен киімдер шығарып жатқанын көрдім. Елге келгесін анықтап білсем, бізді ұтқан компанияның бес-ақ тігіншісі бар екен. Бір пәтерде отыр. Сонда олар 20 мың костюм тапсырысты қалай алып жүр.

Мәжіліс депутаттары отандық өндіріс саласындағы осындай олқылықтарды бір жүйеге келтірудің бірден-бір амалы тауар өндірушілердің орталықтандырылған цифрлық реестрін жасау деп біледі.

Еркін Әбіл, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Кейбір кезде тендрге қатысқан, салық льготаларын ұстаған өндірістер қағаз жүзінде қазақстанда өндірілетін тауар болып есептеледі де, бірақ іс жүзінде келетін тауар. Сондықтан біздің негізгі мақсатымыз – шынайы өзіміздің қазақстанның өндірісін қолдау. Ол үшін арнайы цифрлы түрде қалыптасатын реестр болады да, оның ішінде 100-ден аса әртүрлі факторлар есептеледі де. Соның бәрін есептеп, шынайы түрде қазақстандық өндіріс көрініп тұрады сонда.

«Тауар өндірушілерге жасалып жатқан көмек-қолдаудың қайтарымы болуы керек. Мемлекет тарапынан берілген салық, басқа да жеңілдіктердің тиімділігі қаншалықты деген сұраққа қазір ешкім анық жауап бере алмайды. Өйткені нақты статистикасы жоқ», – дейді Мәжіліс депутаты Еркін Әбіл.

Еркін Әбіл, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Енді біздің негізгі мақсатымыз... Осы жеңілдіктердің тиімділігі көрініп тұруы керек. Жеңілдік берілгенде біз түсінуіміз керек, ол бір сала болсын немесе нақты бір кәсіпорын болсын, оның дамуына қалай әсер етеді. Жаңағы жаңа жұмыс орындары пайда бола ма, құны азая ма, мынау тұтынушылар үшін өнім көбейе ме? Сондай нақты бір факторлар көрініп тұруы керек. Сонда ғана сол жеңілдік беріледі.

«Қазір қаралып жатқан «Салық кодексінде» осының бәрі ескеріледі», – деді депутат. Парламент қабырғасында құрылған жұмыс тобы жаңа өзгерістер мен толықтыруларды осы жыл ортасына дейін дайындап болуы тиіс.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг.