Голливуд жұлдыздары өртке байланысты баспанасын тастап кетті
АҚШ-тың батысындағы Лос-Анжелес қаласының төңірегі әлі өртеніп жатыр.
Орман өртінен мыңдаған үй жанып кетті. 180 мың тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді. Миллиондаған америкалық жарықсыз қалды.
Мамандар оттың тұтануына құрғақшылық пен күшті жел себеп дейді. Қауіп әлі жоғары. CNBC келтірген мәліметке қарағанда, алапат өрт бар болғаны үш күн ішінде 12 мың гектар жерді жайпап өткен.
Мені алаңдатып отырғаны, жалынның бір мезгілде бір емес, бірнеше ауданға жайылғаны. Тарихи орындар, зәулім үйлер түк қалмай жанып кетті деген дерек бар.
АҚШ-та ахуал қалай? Қауіп қаншалықты?
- Тілсіз жаудың 7 негізгі ошағы тіркелді. Онымен күрес жұмыстарына қаншама бригада мен техника тартылғанымен, өртті сөндіру қиынға соғып жатыр. Шартарапта тарқатып айтамын.
Тау жотасында өрт шығу қаупі жоғары
АҚШ
Лос-Анджелестің айналасындағы алапат өртке 3 себеп болуы мүмкін. Негізгі ошақ - тау жотасы. Басқа жерлерге қарағанда мұндай аумақтар өртке бейім. АҚШ-тың ұлттық метереология қызметінің болжамы бойынша, Санта-Ана деп аталатын күшті жел орман өртін одан әрі үдетіп жіберген. Оның үстіне таулы аймақта шөп те қалың. Бұл да құрғақ мезгілде оттың тез таралуына себепкер.
ЦИТАТА
Дженнифер Марлон, Йель Университетінің аға ғылыми қызметкері:
-Тау баурайында өрт шыққанда, ол биікте өсіп тұрған жасыл желекке жылдам таралып, жайпап өтеді. Бұған қоса каньондар мен аңғарлар Санта-Ана желінің қатты соғуына жағдай жасайды. Бұл таулы аймақтарда орман өртінің таралуын одан әрі жеделдетеді.
ЦИТАТА
Джанис Коэн, Ұлттық атмосфералық зерттеулер орталығының ғылыми қызметкері:
- Санта-Ана желі тау жоталарында ылғалдылықты жойып, өсімдікті құрғатады. Ал құрғаған өсімдік өртке тез оранады.
Ердана Ержанұлы, тілші:
АҚШ, Вашингтон
Өрттен қайтыс болғандардың саны 6-ға жетті
АҚШ, Калифорния
Күн райын болжайтын AccuWeather компаниясының мәліметіне сәйкес, алапат орман өртінен аймаққа 57 миллиард АҚШ доллары көлемінде шығын келді. Қазір ел билігінен бастап, қалталы азаматтар зардап шеккен америкалықтарға қолдау көрсетіп, қайырымдылық жасауға білек сыбана кіріскен. Uber компаниясы жолаушыларды эвакуациялық орталықтарға тегін тасымалдап жатыр. Мұнан бөлек, жапа шеккендерге тағы қандай көмек көрсетілуде? Дәл қазір АҚШ-тағы тілшіміз Ердана Ержанұлы бізбен тікелей байланысқа шығып, жағдайды баяндап беруге әзір.
- Қазір от тұтанған аймақтарда ахуал қалай? Қауіп сейілді ме?
- Калифорниядағы жағдай аса мәз емес. Бірер сағат бұрын тағы бір адамның қазасы тіркеліп, өрттен қайтыс болғандардың саны 6-ға жетті. Бұл жайлы Малибу мэриясы хабарлап отыр. Лос-Анжелес Шериф департаменті кісі өлімі әлі де ұлғаюы мүмкін деп болжам жасады.
Өрттің өзіне келер болсақ, бейсенбінің таңында жел екпіні бәсеңдеп, өрт сөндірушілерге қолайлы жағдай болғанын айта кету керек. Соның арқасында Сансет өртінің басым бөлігі ауыздықталып, бәрімізге таныс Холливуд пен Студио сити аймақтарында жағдай тұрақталды. Бірақ Лос Анжелестің өзге де бөліктерінде тілсіз жау әлі де дес бермей тұр. Өрт аумағы 12 мың гектардан асты. 9000нан аса нысан күлге айналды. Тіпті дәл қазіргі уақытта және бейсенбіден жұмаға қараған түні жел қарқыны қайта күшейе түседі дейді метеорологтар. Бұндай жағдай келесі аптаға дейін созылады деген көңіл көншітпейтін болжам жасалды. Қазіргі қою түтін қаланы шарпып, адамдардың денсаулығына әсер етіп жатыр.
Жомарт Смат, Лос-Анджелес тұрғыны:
- Иіс өте қатты. Бүкіл мына көліктерде, ғимараттарда күлдің іздері. Менің ойымша осындай оқиға осыдан төрт бес жыл бұрын болған. Ол кезде де, дәл осындай төтенше жағдай хабарласқан. Бірақ дәл осы жағдай қалаға өте жақын орын алып отыр. Сондықтан өз көзімізбен көріп отырғандай әсері өте үлкен.
Афиф Әл-Хасан, АҚШ өкпе аурулары ассоциациясының өкілі, дәрігер:
- Егер өрт тек табиғи заттарды жағып, соның түтіні тараса одан зиян басқаша болады. Бірақ қазір адам қолымен жасалған заттар, нысандар өртеніп жатыр. Олардан бөлінетін химиялық заттар адам өкпесіне кетіп, қанға өтеді. Бұның зияны орасан зор.
Соңғы ақпарат бойынша Лос Анжелес округіндегі 4млнға жуық адамның 200 мыңы жарықсыз отыр. Тағы 180 мың тұрғын эвакуация аймағында. Жұрт осылай апатпен әбігер болып жатқанда, ұрылар да қарап жатпаған. Лос Анжелес мэриясы 20 адамның заң бұзу әрекеті үстінде ұсталғанын хабарлады.
Сондай-ақ қазір өрттің басталуына нақты не себеп болғанын анықтау жұмыстары да белсенді жүргізіліп жатыр. Ол үшін 21 маман мен иісшіл ит тартылды. Қазір мектептер жабылып, өңірдегі Пеппердайн, Калифорния, және Калифорния технология институттары кампустарын жауып, оқуды онлайн режимге ауыстырды.
Сан-Францискодағы консулдық хабарламасы
Бұл қала отандастырымыздың АҚШ-тағы ең көп қоныстанған, не оқу мен біліктілік арттыруға келген қалаларының бірі болғандықтан Сан Францискодағы бас консулдықпен де байланыс орнатып, мән жайлы олардан да сұрадым. Әзірге зардап шегіп, оқыс жағдайға тап болған қазақстандықтардың жоқ екенін айтты. Десе де, өңірдегі дипмиссия өкілдігі жерлестерімізді сақ болуға шақырып, төтенше жағдай кезінде хабарласуға болатын телефон нөмірін де көрсетті.
2) АҚШ билігі табиғат апатынан зардап шеккен тұрғындарға қандай шаралар қолданып жатыр?
Өрттен зардап шеккендерге қандай көмек болып жатыр?
Президент Байден федералды үкімет алдағы 180 күнде болатын өрт шығындарын 100 пайыз өз мойнына алатын хабарлады. Бұл көмек апат салдарын жою, уақытша баспаналар құру, құтқарушылар мен алдыңғы шептегі мамандарға еңбекақы төлеу және адам өмірі мен үйлерді аман алып қалу бойынша көрсетілмек. Сондай-ақ, федералды үкімет тарапынан 400ден аса өрт сөндіруші, 30дан аса тікұшақ, 8 жүк тасығыш әскери ұшақ, 500ден аса апат салдарын тазалайтын арнайым маман тартылатынын айтты. Жоспарлы Римге сапарынан бас тартқан Байден қазір Калифорния губернаторымен тығыз байланыс орнатып, қажетті көмекті түгел жеткізуге дайын екенін тілге тиек етті.
Джо Байден, АҚШ Президенті:
- «Калифорниядағы жағдай өте нашар болып бара жатыр. Мыңдаған үй, мектеп, бизнес жермек жексен болды. Кісі қазасы бар. Бұл Лос Анжелес тарихындағы ең ауқымды өрт болып отыр. Қазір өртпен күреске тиісті грантты мақұлдадым. Ол Ұшақ, тікұшақтар шығыны мен өртсөндірушілердің еңбеақысын жабады. Бұған қоса Калифорния губернаторы сұрауымен Жалпы апаттық декларация жариялап, азаматтардың қазіргі тұрмыстық қажеттіліктеріне қаражат бөліп жатырмыз. Оған азық түлік, дәрі дәрмек алынады. Қазір көмек көрсетуге Конгрессті де тартқалы жатырмын».
Бұдан бөлек Лос Анжелес қонақүйлер ассоциациясы өңірдегі қонақ үйлердің бос бөлмелерін бас сауғалап жүрген азаматтарға төмен бағада ұсынып жатыр. Кейбір фитнес орталықтар эвакуацияланғаз тұрғындарға жуыну, душ бөлмелерін қолдану секілді қолдарынан келетін көмекті тегін ұсынып отыр. Дәмханалар мен мейрамханалар да құтқарушыларға арнап тегін тамақ таратып жатыр. Солардың ішінде Темір адам фильмдер сериясына түскен Гвинет Пэлтроу өз мейрамханасынан ас-ауқат жеткізіп қол үшін берсе, Хэллоуин, Қорқыныш пойызы секілді фильмдерге түскен актриса, әрі жазушы Джэми Ли Кюртис 1 млн АҚШ доллары көлемінде көмек көрсетті. Осылайша жұртшылық түгел жабылып, жүкті жұмыла көтеріп жатыр.
Голливуд жұлдыздары баспанасын тастап кетті
АҚШ
Өртке оранған аймақта атақты атақты өне жұлдыздары мен саясаткерлердің сарайы орналасқан. Олардың қатарында Джейми Ли Кертис, Мэнди Мур, Марк Хэмил сияқты танымал Голливуд жұлдыздары мен АҚШ-тың вице-президенті Камала Харрис те бар. Олар бас амандығы үшін үй-жайын қиып, қауіпсіз жерге қашқан. Ал америкалық әртістер Адам Броди мен Лейтон Мистерге тиесілі үй жанып кеткен. Жұлдызды жұп жылжымайтын мүлікті 6 жыл бұрын сатып алған екен. Жиған-тергенінен айырылған әртістер қатарында Билли Кристал мен Пэрис Хилтон да бар.
ЦИТАТА
Пэрис Хилтон, актриса:
Жүрегім қақ айырылғандай күйдемін. Сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Малибудағы үйіміздің өртеніп жатқанын тікелей эфирде көрудің өзі көңілге қаяу түсіреді. Бұл үймен байланысты құнды естеліктерім өте көп. Алапат өрттен зардап шеккен әрбір отбасы үшін дұғада болайық. Мен сіздермен біргемін.
ЦИТАТА
Мария Шрайвер, журналист:
Жүректі ауыртатын, ақылға қонымсыз, жойқын табиғат апаты. Соның кесірінен халық бар жиған-тергінен айырылды. Үй-жай, мал-мүліктің бәрін жоқ етті. Құтқарушы бригада қолдан келгенін жасап жатыр. Бірақ шарпыған жалынның ауқымы үлкен. Бақылауда ұстау мүмкін болмай тұр.
80 жылдық шіркеу өртеніп кетті
АҚШ
Қызыл жалыннан мыңдаған ғимараттың күлі көкке ұшты. Тілсіз жаудың ең негізгі ошағы Палисейдс ауданында еврейлерге тиесілі шіркеу өртеніп кетті. 80 жылдық тарихы бар нысан жергілікті халықтың құлшылық ететін басты орны еді.
Калифорнияда орман өрті жиі қайталанады
АҚШ
Калифорния штатында бұған дейін де алапат орман өрттері болған. 2018 жылы табиғат апатынан 103 адам көз жұмды. 2020 жылы тілсіз жаудан 1 млн 740 мың гектар жер күлге айналды. Бір жылдан соң тағы да алапат өрт шығып, 3 жарым мыңнан аса ғимарат өртеніп кеткен. Шығын шаш етектен. Бұл құбылысты ғалымдар климаттық өзгеріспен байланыстырып отыр.
Жаһандық жылынудың салдары зардабы ауыр табиғат апаттарына әкеп соқты. Мұндай жағдай тек АҚШ-та ғана емес, тұтас Еуропа, Африка, Азия құрлығында да жиілеген. Және бұл бірінші рет емес, бірнеше мәрте қайталанып отыр. Сол себепті сарапшылар жаһан жұртын жер шарын айтып келмейтін апаттан қорғап, табиғатқа жанашырлық танытуға шақырады.