Қазақстанда жоғары технологиялы дрондар шығарылады
Енді елде жоғары технологиялы өнеркәсіптік дрондар шығарылады, деп хабарлайды 24KZ. Қытайлық компания Қазақстандағы бұл өндіріске 12 миллион доллар инвестиция құяды. Жоба құрылысы наурыз айында басталмақ.
Жоба ауданы 50 мың шаршы метрді құрайтын өндірістік және ғылыми-зерттеу орталығын салуды көздейді. Аймаққа аккумулятор шығаратын цех, инновациялық ғылыми-зерттеу технологиялық орталығы, машиналардың толық циклін сақтау және ұшу аппараттарына арналған сынақ алаңы кіреді.
Ержан Елекеев, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:
- Шағын биіктік экономикасы жаңа сала ретінде өзінің бірегей артықшылықтарының арқасында әлемдік өнеркәсіптік құрылымды өзгертеді. Төмен биіктіктегі ұшақтардың әртүрлі түрлерін қолдана отырып, ол көптеген салаларда тиімді қолданылады, экономикалық дамудың жаңа жолдарын ашады. Ауыл шаруашылығы мен ормандарды қорғаудан логистикаға дейін, геодезиядан авариялық-құтқару операцияларына дейін төмен биіктіктегі экономиканы қолдану аясы үнемі кеңейіп келеді, ал оның әлеуеті шексіз.
Аспан асты елі – саланың сөзсіз көшбасшысы. Дүниежүзілік ұшқышсыз ұшу аппараттары федерациясының мәліметі бойынша барлық өнеркәсіптік дрондардың 55%-і Қытайда өндіріледі. Сондай-ақ өткен жылы бұл елде дрондар нарығы 79 млрд доллардан асқан.
Янь Цзинцай, Дүниежүзілік дрондар федерациясының төрағасы:
- Қытайда дрондармен жүктерді тасымалдау екі жыл бұрын қолданысқа енді. Осылайша компаниялардың бірі жылына миллионнан аса жеткізілім жасады. Бұл технологияның болашағы зор. Дрондар адамдардың өміріне автомобильдер немесе ұялы телефондар сияқты ене алады.
Дрондар шаруашылықта да белсенді қолданысқа ие. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, былтыр агродрондар 2 мың гектардан аса жерде шегірткемен күреске пайдаланылған.
Сәкен Қаныбеков, ҚР АШМ АӨК Мемлекеттік инспекция комитеті төрағасының міндетін атқарушы:
- Келешектің бәрі агродронда деп айтуға болады. Себебі бұның қаражаты да, үлкен техникаға қарағанда арзанырақ. Екіншіден, жер көлемін көп алмайды.
Елде шегірткемен күресуге арналған 8 дрон бар. Үкімет биыл оның санын 50-ден асыруды көздеп отыр. Мамандар: «Елде дрон шығаратын кәсіпорынды іске қосу саланың дамуына қуатты серпін береді», – дейді.