Қазақстан $470 млн IT қызметтерін экспорттады
Қазақстандық IT саласы әлем елдері нарығында өзінің бәсекеге қабілеттілігін дәлелдеп келеді. Былтырғы 9 айда еліміз 470 млн доллардың IT қызметтерін сыртқы нарыққа шығарды. Бұл экспорт негізінен АҚШ, Араб Әмірліктері, Нидерланды, Ұлыбритания, Германия және басқа да елдерге бағытталды.
Айта кетерлігі, экспортталған IT өнімдеріміздің көлемі алдыңғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 26%-ке артқан. Осы орайда Мемлекет басшысы 2026 жылға қарай IT саласы экспортының жалпы көлемін 1 млрд долларға дейін жеткізу міндетін қойған. Межеге жету алдындағы жоспар қандай?
Отандық IT қызметтер экспортының сомасы 1 жылда шамамен 700 млн долларға жетеді деп болжанып отыр. Себебі 9 айдағы көрсеткіштің өзі көңіл көншітеді. Мамандар еліміздің IT өнімдерін сыртқа ілгерілетуде Astana Hub басты рөл атқаратынын айтады. Бүгінде ондағы резиденттердің саны 1,5 мыңнан асқан. Соның 400-і – халықаралық компания. Бұл саладан былтыр 620 млрд теңге кіріс кірсе, экспорттан 227 млрд теңге табыс түсті.
Жаслан Мәдиев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
- Astana Hub резиденттерінің экспорттық географиясы 90-нан астам елді қамтиды. Astana Hub резиденттерінен басқа «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ GovTech өнімдері алғаш рет экспортқа шықты. Мұндай шешімдердің қатарына Smart Data Ukimet, Smart Bridge жəне Интернет ресурстарының бірыңғай платформасы веб-сайт құрастырушысы кіреді. Қазақстанда ірі халықаралық IT компаниялар мен шетелдік IT мамандарды тарту үшін қолайлы жағдайлар жасалған.
Инфрақұрылымды дамыту. Саладағы бизнес өкілдерін қолдау. Үкімет бұл бағытқа басымдық беріп отыр. Алдағы бірер жылда IT экспортының көлемін 1 млрд долларға жеткізу көзделген. Жұмыс нәтижесі де жаман емес. Премьер-министр елімізде кейінгі 5 жылда отандық IT қызметтер экспорты 20 есе артқанын атап өтті.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Өңірлерде технологиялық кәсіпкерлікті дәріптеу жұмыстарын күшейтіп, өңірлік IT хабтар базасында мамандардың құзыреттерін арттыру үшін жағдай жасау қажет. Қазақстандық стартаперлердің әзірлемелері ауқымды қаржыландыруды қажет ететінін айта кеткен жөн. Сондықтан венчурлік қор құру рәсімдерін жеделдету керек. Бұл отандық инновациялық әзірлемелерге деген сұранысты арттырып, олардың халықаралық нарықтарға шығуына ықпал етеді.
Бүгінде инновация әлемдік аренада жаңа табыс көзіне айналған. Себебі IT нарық экономиканың көптеген саласы үшін мультипликативті әсер береді. Әрбір ел саланы зерттеп, заманға сай технологиясын дамытуға талпынып жатыр. Олжас Бектенов өңірлік IT хабтарды қолдау жол картасын әзірлеуді жүктеді. Әкімдіктер қаржыландыру мәселелерін жедел шешуі тиіс. Сондай-ақ наурыз айының соңына дейін Qazaqstan Venture Group компаниясын құруды аяқтау тапсырылды.
Авторлары: Рухани Әбдірахман, Асхат Қарақойшиев.