Қазақстандық IT стартаптар АҚШ нарығын бағындыра бастады

АҚШ инвесторлары қазақстандық стартаптарға қызығушылық танытып отыр, деп хабарлайды 24KZ. Отандық IT өнімдер қазірдің өзінде америка нарығында сұранысқа ие болып, қомақты инвестициялар тартып жатыр. Инновациялық жобалар көлік, логистика, қоғамдық тамақтану сияқты салаларда қолданылып, өзінің тиімділігін дәлелдеп үлгерді.

АҚШ-тағы жүк тасымалының көлемі өткен жылы 540 млрд долларға жетті. Елдің логистикалық саласы ұдайы даму үстінде және заманауи IT шешімдерді қажет етеді. Қазақстандық мамандардың ұсынған жобасы америкалық компаниялардың назарын бірден аударды. Жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін Call2action.ai жобасы тасымал мен логистика салаларындағы компанияларға білікті мамандарды табуға көмектеседі.

Бұл жұмысқа алу процесін автоматтандыру үшін әзірленген әлемдегі алғашқы шешім. Стартапқа бірден 40-тан астам транспорттық компания қызығушылық танытты, олардың бірнешеуімен коммерциялық келісімшарттар жасалды. Жобаның жалпы құны 7 млн долларға бағаланып отыр.

Ерсұлтан Жұнысақынов, Call2action.ai компаниясының бас директоры:

- Қазір біз инвестиция арқылы жинап жатырмыз, жарты соманы жинадық, енді біздің стартапымызда 3 инвестор бар Америкадан келген, соңғы 6 ай бойы біз Америкада «Silicon Valley» Калифорния жағында тұрып, стартапымызды дамыттық. Енді біздің стартапымыздың капитализациясы 7 миллионға шықты.

IT саласында адамның өмір сапасын, денсаулығын жақсартатын жаңа өнімдер пайда болып жатыр және бұл жобалардың өз елімізде жүзеге асып жатқаны қуантады. Мәселен, Autism Spectrum қосымшасы ата-аналарға аутизм спектрінің бұзылуымен байланысты белгілерді ерте анықтауға көмектеседі. Қосымша былтыр «Үздік әлеуметтік жоба» номинациясын жеңіп алып, Qazpatent зияткерлік меншік институтының авторлық құқық куәлігіне ие болған.

Әдия Қызылтаева, «Autism Spectrum» ЖШС директоры:

- Қазір әлем бойынша аутист балалардың саны өсіп келеді. Жобаның басты мақсаты – аутизм белгілерін ерте сатыда анықтау. Өкінішке қарай, көп ата-ана оны елеусіз қалдырады. Егер сауықтыру шараларын баланың ерте жасынан бастаса, оны қоғамға бейімдеуге жеңілірек болады. Біздің қосымшаға кез келген адам кіріп, арнайы тестілеуден өтеді. Осының негізінде сараптама жасалып, қандай маманға жүгіну керектігі жайында кеңес беріледі.

Инвесторлардың назарына түсуге лайықты жобалар елімізде көп. Мәселен, отандық «Cerebra AI» стартабы дәрігерлерге ЖИ көмегімен инсультты ерте сатыда дәл және жылдам анықтауға көмектеседі. Қазақстандағы 47 инсульт орталығында бағдарламалық қамтамасыз етуді 700-ден астам нейрохирург пен невропатолог белсенді пайдаланады. Отандық компания шетелдік нарықта да қызметін кеңейтіп жатыр. Бұл технология тіпті Сауд Арабиясының ауруханаларында да енгізілген. Диагностика бойынша отандық стартап таяуда Шанхай көрмесінде таныстырылып, шетелдік мамандардың қызығушылығын туғызды.

Арман Оспанов, Cerebra AI компаниясының директоры:

- Қытай біз үшін стратегиялық маңызды нарық. Біз мұнда жергілікті компаниялармен танысуға, өнімімізді көрсетуге әрі ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылауға келдік. Қытай технологияларды әзірлеу саласында көш бастап тұр. Сол себепті біз мұнда тәжірибе алмасып, бизнесіміздің көкжиегін кеңейте алатынымызға сенімдіміз.

Елдегі IT жобалар қай салада болмасын өздерінің тиімділігін дәлелдеп отыр. Олар қазірдің өзінде қаладағы өзекті мәселелерді шешуге, тұрғындардың өмір сапасы мен денсаулығын жақсартуға үлес қосып келеді. Отандық стартаптарды өміршең ету үшін оларды Қазақстанның басқа да өңірлерінде іске қосу және халықаралық нарыққа шығару жоспарланды.

Авторы: Қуандық Танабас.