Отандық тауар өндірушілері бірыңғай реестрінің артықшылықтары қандай?

Биыл елде отандық тауар өндірушілердің бірыңғай реестрі құрылады. Ал СТ-KZ сертификаты мен индустриялық сертификаттардың күші жойылады. Бүгін Мәжіліс депутаттары тиісті заң жобасын қарап, бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды 24kz.

Құжат ішкі нарықты күшейтіп, импортқа тәуелділікті азайтуды көздейді. Мұндай жаңашылдықтан қазақстандық кәсіпкерлердің күтері мол. Мысалы Ақтауда аяқ киім шығаратын фабрика шикізаттың 20%-ін шетелден алдыртады. Кәсіпкер бірыңғай реестрге қосылған жағдайда шығын азайып, әрі кәсіпорын қуаты артатынына сенімді.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Аяқ киім фабрикасы тұтынатын шикізаттың 80%-і Қазақстанда жасалған. Ал қалған 20%-ін кәсіпкер шетелден тапсырыспен алдыртады. Мысалы, мынау – жұмысшы бәтеңкесі. Табаны мен былғарысы Алматыдағы зауыттың өнімі. Ішкі астары, бауы, соққыдан қорғайтын қорғаныш бөлігі, тігін өндірісінде қолданатын жібі Ресейден келеді.

Фабрика жылына 100 мың аяқ киім шығарады. Бірінші цехта мұнай өндірісі саласының қызметкеріне, ал екіншісінде ересектер мен балаларға арналған аяқ киімдер жасалады. Шикізаттың кейбірі Қазақстанда жоқ. Оны шетелден алдыртып шығынға батамыз. «Бірыңғай реестр құрылса, импортқа тәуелділіктен арыламыз», - дейді кәсіпкер.

Зибира Хасанова, кәсіпорын директоры:

- Біздің Үкіметтің сұрағы – Қазақстанның өнімдері болсын. Соған қарай біз өзімізді көрсетеміз елге. Қалай шығарып жатқанымызды, не шығарып жатқанымызды. Соның ішінде 80% өзіміздің Қазақстанның шикізатын аламыз. Логистика қымбаттап жатыр. Біздің Маңғыстау деген осы Қазақстанның ішінде шетте тұрмыз ғой.

Маңғыстау облысында ресми тіркелген 77 мыңға жуық кәсіпкер бар. 700-ге жуығында СТ-KZ, яғни, тауардың Қазақстанда шығарылғанын растайтын және индустриялдық сертификат бар. Жалпы ресми құжаттарды алу ақылы. Оларды жасап беретін сарапшылардың қызметі де қомақты ақша тұрады. Мамандардың айтуынша, бірыңғай реестрге кіру тегін болады. Жүйе елдегі «жалған» кәсіпорындарды анықтауға да септігін тигізеді.

Аққу Айтжанова, облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:

- Бір кәсіпкер алып, өндіріс орнын құрып, тауар шығарады делік. Ал тағы бір кәсіпкер құрал-жабдығы болмаса да, мемлекеттік сатып алу конкурсында төмен бағаны көрсетіп, жеңіп алады. Одан әрі жұмысты субмердігерге жүктеп қояды. Бұл жоғарыда айтылған кәсіпорынға тапсырыс болмаған соң жұмыс орнын қысқартуға, тіптен жабылуына әкеп соғуы мүмкін. Бірыңғай реестрге кірген кәсіпорындарға бірнеше санат бойынша балл қойылады. Соған сәйкес тендерді ұтып алуына мүмкіндігі артады.

Ескеретін жайт, бірыңғай реестрге енген кәсіпорындарға үш ай сайын мониторинг жасалып отырады. Өкілетті органдар бейнекамера көмегімен өндірістің іс жүзінде жүріп жатқанын тексереді. Тоқтап тұрса, себебін анықтайды. Жұмысын жалғастырмаса, тізімнен шығарады. Парламент бұл заң жобасын жазға дейін қабылдауды жоспарлап отыр.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев