Ақмола облысы жұмыртқа өндірісінен елде көш бастап тұр

Ақмола облысы құс еті мен жұмыртқа өндірісі бойынша үздік орнын сақтап келеді, деп хабарлайды 24KZ. Астықты аймақта жыл сайын 125 мың тонна құс еті өндіріліп отыр. Республикадағы жалпы көрсеткіштін 30%-і аталған өңірге тиесілі. Мемлекет шарапатын көрген шаруалар биыл да межелі міндетті ойдағыдай орындап, жоғары нәтиже көрсетуге ниетті.

Ақмола облысы жұмыртқа өндірісі бойынша республикада көш бастап тұр. Бұл өнімнің үлесі астықты аймақта жылына 620 млн данаға жетеді. Ең ірі өндіруші кәсіпорынның бірі кеңестік кезеңнен бері жұмыс істеп келеді. Құс фабрикасы жылына 306 млн дана жұмыртқа өндіруге қауқарлы. 2024 жылы 23 009 мың данасын шығарыпты. Дайын өнімді көрші мемлекеттер мен отандық нарыққа жіберіп отыр.

Елена Сафонова, жұмысшы:

- Мен кәсіпорында 5 жылдан аса уақыт еңбек етіп келемін. Менің қызметіме дайын келіп түскен жұмыртқаларды іріктеу кіреді. Кейін оларды қораптарына салып, артықтарын алып тастаймын. Жұмыс ешқандай ауырлық етпейді. Жасалған барлық жағдай ұнайды. Аршалыдан күнделікті келіп істеймін. Арнайы автобус бар сол алып келіп, алып кетеді. 

Өңірде сүтті және етті мал шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Салаға салынған инвестиция көлемі де артып отыр. Соның аясында өткен жылы 5 ірі сүт-тауар фермасы іске қосылды. Әрқайсысы 5 мың бас ірі қара мал ұстайды. Бастама өндіріс көлемінің артуына мүмкіндік жасамақ. Бұдан бөлек, астықты аймақ егістік көлемін де көбейтуге ден қойып отыр.

Тимур Жанқоразов, өндірістік кооператив жетекшісі:

- Егістік алқабын да қолға алып отырмыз. Қазіргі таңда жаздық егіс көлемі 11 295 гектарды құрайды. Дәнді дақылдын барлық түрін егіп келеміз. Әрине, мемлекеттік қолдаудын арқасында осындай жетістікте жетіп отырғанымыз. Мал шаруашылығы болсын, құс шаруашылығы болсын, жеңілдік, қаржылай қолдау көрсетіледі.

Жалпы өткен жылы Ақмола облысында құны 290 миллиард теңгеден асатын ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді. Мал саны 1 миллионға дейін өсті. Құстардың жалпы саны 9 миллионға жетіп отыр. Аймақ саладағы өніммен отандық нарық қана емес, алыс-жақын шетелді де қамтуға қауқарлы. Жергілікті билік тауарлы сүт өндірісіне де ден қойып отыр. Межелі міндетке жету үшін жыл соңына дейін қос ферма іске қосылады.

Авторлары: Кәмшат Мұхамеджан, Мұрат Әріпханов.