Коммуналдық желілерді жаңғыртуға 6,8 трлн теңге бөлінеді

Алдағы бес жылда Қазақстанның энергетика және коммуналдық секторларын жаңғыртуға шамамен 7 трлн теңге бөлінеді. Осылайша инфрақұрылымның тозуын 40%-ке дейін төмендету жоспарланып отыр. Бүгін Үкімет «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру тетіктерін таныстырды.

Коммуналдық желіні жаңғыртуға арналған ұлттық жоба екі негізгі бөліктен тұрады. Бірінші – бұл қолданыстағы электр желілерін модернизациялау. Сонымен қатар алдағы бес жылда 7300 ГВт болатын қосымша қуат көздерін енгізу жоспарланып отыр.

Сұңғат Есімханов, ҚР Энергетика вице-министрі:

- Ұлттық жобада энергетика саласынан біз 4 бағытқа бөліп отырмыз. Ең бірінші, әрине, электр энергияны өндіру, станцияларды жаңарту мәселесі. Ұлттық жобаға 29 жоба кіріп отыр. Ол 14-і жаңғырту жобалары болса, 15-і – жаңадан салынып жатқан құрылыстар. Түркістан облысында салынып жатқан үлкен газ станциясы, Қызылордада салынып жатқан электростанциялар. Алматының станцияларын, жылу станцияларын газға ауыстырып, жаңа қуаттар енгізіліп жатыр.

Жобаның екінші бөлігі коммуналдық желілерді жаңғыртуды көздейді. Оған электр, жылу желілері, ірі және шағын қалалардағы сумен жабдықтау жүйесі суды бұру желілері мен кәріз жүйесі кіреді. Ұлттық жоба аясында 86 мың шақырым коммуналдық желі жаңғыртылады деп көзделген. Осылайша тозығы жеткен желілердің біразы жаңартылып, тозу деңгейі орта есеппен 40% дейін төмендемек. Қазір көптеген кәсіпорындардағы құрылғылар 70%-ке дейін ескірген.

Арман Қасенов, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі:

- Ұлттық жоба тозығы жеткен желілер мәселесін шешуге арналған. Коммуналдық желілерді жаңғыртуға 5 жылда жалпы инвестициялар 6,8 трлн теңгені құрайды. Оның ішінде 3,8 трлн теңге көлеміндегі негізгі инвестициялар электрмен жабдықтау желілерін жаңғыртуға. Содан кейін жылумен жабдықтау желілеріне 1,3 трлн теңге салынады. Су бұруға және жаңа кәріз тазарту құрылғыларын салуды қоса алғанда 1,1 трлн теңге. Сумен жабдықтауға инвестициялар 600 млрд теңгені құрайды.

Ұлттық жобаның техникалық операторы – Қазақстандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамыту орталығы. Ол модернизация жұмыстарының сапасын бақылайды. Ал «Байтерек» ұлттық басқарма холдингі осы жобаның қаржылық операторы болып белгіленді. Ол инвестициялық бағдарламаларды ұзақмерзімді қаржыландыруы мен  инвестициялық несие бойынша агент қызметін атқарады. Ал желілерді жаңғырту жұмыстарында түгелге жуық Қазақстанда жасалған өнімдер қолданылады.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Ақылбек Есімсейітов.