Қашаған газ өңдеу зауыты 2026 жылы іске қосылады

Атырау облысындағы Қашаған газ өңдеу зауытының құрылысы қарқын алды.

Қазір қажетті жабдықтардың 90 пайызы құрылыс алаңына жеткізілген. «QazaqGaz» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Мейірбек Ихсанов өңірге арнайы барып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Қазір Қашаған газ өңдеу зауытының құрылысы 42 пайызға аяқталған. Бүгінде вахталық қалашық пен кірме теміржол жолдарын салу, металл конструкциялар мен қондырғыларды монтаждау жұмыстары жүріп жатыр. Зауыттың бетон іргетасы берік болуы үшін 4 метр тереңнен құйып, бұл жұмыстарға көп күш салды.

Әбдіхалық Бейсенбеков, “GPC Investment” ЖШС жоспарлау бөлімінің меңгерушісі:

- Бүгінге дейін 58 мың куб бетонның 38 мың куб бетон құйылып бітті. Және де 2300 тонна металлконструкция монтаждалды. 1200 тонна оборудование проектный положениеде тұр. Құрылыс жұмыстарында қазір қазақстандық компаниялар жұмыс атқарып жатыр.

Зауыт құрылысына 945 жұмысшы тартылған. Оның 70 пайызы жергілікті тұрғындар. Сондай-ақ 75 дана техника жұмылдырылды. Құрылыстың шарықтау кезеңінде жұмысшылар санын 2000-нан асыру жоспарланған.

Мейірбек Ихсанов, "QazaqGaz" ҰК" АҚ Басқарма Төрағасының бірінші орынбасары:

- Қазір жоспар бойынша осы ақпан-наурыз айларында 500 тонна кран келуі керек. Артымызда бұл жерде үлкен-үлкен оборудованиелер келді. Колонна дейді. Сол колонналарды қойып бастаймыз. Өзінің уақытында, 2026-ның аяғына дейін бітіру керек. Өзіміздің жоспарымыз сондай.

Өңірге арнайы келген "QazaqGaz” ҰК” АҚ басшылығы құрылыс операторы «GPC Investment» және бас мердігер «Kazakh Construction Group» компанияларының есебін тыңдап, барлық міндеттемелерді уақытында орындау қажеттігін қатаң ескертті.

Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов