Қазақстандықтар көлік саудасында рекорд орнатты

Елде жаңа көлік көбейді. Жалпы автонарықта бір жылда 205 мыңнан аса темір тұлпар сатылған, деп хабарлайды 24kz.

Бұл – рекордтық көрсеткіш. Ал 20 жылдан аса жүрілген ескі көлік саны 6%-ке азайыпты.

 

Қытайлық көліктердің үлесі 39%-ке артты

Елде импортталған әр екінші көлік Қытайдыкі. Көрші ел көрсеткішті бұдан әрі еселеуге бейіл, әрине. Сол үшін темір тұлпарды жаңғыртқан үстіне жаңғыртып, жаңа технологияның сан қырлы әдісін қолданады. Қазір қытай көліктерінің көбейгені көрер көзге анық көрінеді. Бір жылдағы өсім – 39%. Бұған бағаның арзандығы әрі көліктің қолайлы болуының да әсері бар. Жүргізушілер енді гибридті және электрлі модельдерге ден қоя бастаған. Мәселен, былтыр мұндай көлік саудасы 21,7%-ке артып, 15 мыңға жуықтапты. Мамандар елге сырттан жеткізілетін жеңіл көліктердің тең жартысы Қытайдан келгенін айтады. 19%-і Американыкі, бұрынғыдай болмаса да, Жапония мен Корея көліктері де сұраныста бар.

 

Көлік саудасында рекорд орнады

Былтыр елде 205 мыңнан аса жаңа көлік сатылды. Қазақстан автокөлік одағының президенті Анар Мақашеваның айтуынша, бұған түрлі жеңілдік, акциялар мен жаңа қаржылық бағдарламалар оң әсер еткен. Иә, көлік сатуға арналған онлайн алаң қолданушыларының 35-і жаңа тұлпарға қызығады. Дегенмен, хабарландыру иелеріне 6%-і ғана қоңырау шалады екен. Себебі, бағасы қолжетімді емес. Компанияның коммерциялық директоры Наталья Сочивконың сөзіне сүйенсек, хабарландырулар базасының 90%-і Жапония, Германия, Ресей, Оңтүстік Корея автомобильдерінің негізінде жасақталған. Кейінгі 3 жылда қытайлық көлікті іздеп хабарласатындар 7 есе өсіп, 35%-ке жеткен. Сайтқа ай сайын 5,5 млн-нан аса адам кіреді.

Наталья Сочивко, компанияның коммерциялық директоры:

- Сұраныс мәселесіне келер болсақ, құны 5 млн теңгеге дейінгі көліктерге деген қызығушылық соңғы үш жылда 23%-ке төмендеді. Дегенмен, бұл санат сайтта тіркелген хабарландырулардың топ үштігіне кіреді. Біздің сайттағы барлық ұсыныстың 80%-і он жылдан асқан көліктер. 39%-і жиырма жылдан ескі көліктер.

 

Елде 5,7 млн көлік тіркелген

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, елде 5,7 млн дана автокөлік бар. Бұл – айтарлықтай көрсеткіш. 2023 жылы оның үлесі 4,4 млн болған, 2022-де 4 млн-ға жетпеген еді. 88%-і жеңіл көліктер. Елдегі автопарктің 44%-ін 20 жылдан көп қолданылғандары қамтиды. 10 мен 20 жыл аралығындағылар 23,5%-тен асады. Ал қолданылғанына 3 жыл болмаған көліктердің үлесі 6%.

 

Жеке тұлғаларға арналған лизинг енгізілуі мүмкін

Жыл басында автонесие портфелі 3,6 трлн теңгеге жетті. Бұл – бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 45%-ке көп. Бас-аяғы 592 мыңға жуық келісімшарт жасалды. Былтыр борышкерлерге 1,8 трлн теңге берілді. Әрине, халықтың шамадан тыс несие алуы өзекті мәселе. Оны біржақты ету үшін жеке тұлғаларға арналған лизинг енгізу көзделеді. Мәжіліс депутаттарының бұл ұсынысы қазір пысықталып жатыр. Ұлттық экономика министрлігі жеке тұлғалардың шарттары бойынша лизинг нысаны ретінде мемлекеттік тіркеуге жататын жеке тұрғын үй, пәтер, автомобиль болуы мүмкін деп ескертті. Ал төлемді кешіктіру 90 күннен асса, лизинг шарты бойынша сыйақы мен тұрақсыздық айыбын есептеуге тыйым салынады. Сондай-ақ түзетулер жобасында лизинг алушылардың құқығын қорғау жөніндегі нормалар қамтылған. Толық ақпарат алдағы уақытта жарияланады.

 

Жеңіл көліктерді жалға алатындар көбейді

Жаңа көлікті несиеге емес, жалға алып амалдайтындар да бар. Былтыр аталған нарық 60 млрд теңгеге жеткен. Мамандар салада бәсеке артқанын айтады. Жалға алушылар, әсіресе, жаңа, комфорт санатындағы темір тұлпарларға қызығады. Олар әдетте ұзақ мерзімді қызметті пайдаланады екен. Көлікті жалға беру компаниясының басшысы Әлия Сапарғалиева: «Бұл үрдіс дамыған елдерде бар, бізде де қалыпты жағдайға айналады», - дейді.

Әлия Сапарғалиева, көлікті жалға беру компаниясының директоры:

- Біз өз кәсібімізді 2021 жылдан бері атқарып келеміз. Сол тұста бұл нарыққа қызығушылық көп болмаған. Міне, 2 жылда сұраныс арта түсті. Мен мұны әлемдік тенденциямен байланыстырам. Қазір жастар несие алып, қарызға батуды жөн көрмейді. Одан да көлікті жалға алған тиімді. Бұл қолжетімді әрі ыңғайлы тәсіл. Тәжірибе көрсеткендей, біздің қызметке сұраныс жылдан жылға арта береді.