Ағаш егуге бөлінген миллиардтаған теңге қайда кетті?
Өңірлерде 15 млн көшет отырғызу жоспарланса да, іс жүзінде олардың саны 3 млн-ға да жетпепті.
Бұл туралы Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек мәлімдеді. Оның айтуынша, бір ғана Маңғыстау облысында жүздеген мың ағаш егілмей қалған. Қалған өңірлерде де мұндай мысал көп. Депутат бюджет қаржысы ұрланып жатыр деп күдіктенеді.
Бақытжан Базарбек, ҚР парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Әр ағаш – бұл ақша, халықтың қаржысы ғой. Мұндай мысал әр аймақта бар. Бір жерде 30, бір жерде 50, бір жерде 100-150 мың ағаш егілмеді. Мұны біреу бақылай ма, әлде жай ақша бөліп отыра бересіздер ме? Депутат ретінде осыны білгім келеді. Бөлінген қаржы қомақты. Неге бұл фактілер бойынша бірде-бір қылмыстық іс қозғалған жоқ, ешкім жауапқа тартылған жоқ?
Депутаттың сынына Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің өкілі жауап берді. Олардың айтуынша, ақша ұрланбады, керісінше, қаржыландыру жеткіліксіз болды. Сол үшін жоспарды орындау мерзімі 2027 жылға дейін ұзартылды.