Junior Eurovision-2021: дауыс беру басталды

Бүгін Нұр-Сұлтан уақытымен түнгі сағат 12-ден бастап «Балалар Евровидениесі-2021» байқауына қатысушыларға дауыс беру басталады, деп хабарлайды Хабар 24.

Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған жас орындаушылардың қатарында біздің Бекнұр мен Әлинұр да бар. Екеуінің асығы алшысынан түсіп, жеңімпаз атануы тек қазылар алқасы ғана емес сіздердің де қолдарыңызда. Бұл сахнадан тыс көрініс. Орындаушылардың командалары дайындық сәтін теледидар арқылы тамашалап отыр. Араларында тақымын қысқан ата-аналар да бар, әлеуметтік желілердегі контентке жауапты SMM мамандарды да кездестіруге болады. Ковидтық шектеулерге байланысты дайындық кезінде биыл сахнаға тек орындаушылар мен

бишілерді шығару ұйғарылған. Олардың алдында ұйымдастырушылардың өздері жоғары көтеріліп, кімнің қай жерде тұру керектігін көрсетіп жатыр. Бірер сәттерден кейін қатысушылардың өздері сахна төріне шықты.

Әлинұр Хамзин, байқауға қатысушы:

– Бүгін біз жалпы қатысушылар айтатын әнге дайындалдық және флаг-парадқа дайындалдық. Осындай үлкен туымызды Париждың сахнасында желбіретіп, көк туымызды көрсеттік.

Бекнұр Жәнібекұлы, байқауға қатысушы:

– Бүгін мен бүкіл елдердің қатысушыларын кездестірдім. Бұған дейін ондай мүмкіндік болмаған еді. Бүгін «Елестет» әнін бәріміз бірге орындадық. Қиын болды деп айта алмаймын Бірақ шамалы шаршадық. Өйткені дайындық 2-3 сағатқа созылды.

Ұйымдастырушылар әр қатысушыға киінетін орын дайындап қойған. Қазақстандықтардың бөлмесінде жалау және қос әншінің суреттері ілулі. Сахналық нөмірдің тұжырымдамасына жауапты шығармашылық адамдарының пікірінше, қойылым көрерменді мүлдем бөлек әлемге әкетпек.

Дәулет Исламов, Қазақстандық делегацияның техникалық директоры:

– Біздің идеямыз бойынша балалар ертегіден бір-ақ шығады. Тіпті ғарыш іспеттер қиял-ғажайып әлемі десе де болады. Ол жерде бәрі басқаша, ол жерде сиқырға сенуге болады.

«Балалар Евровидениесі-2021» байқауының жеңімпазы жартылай қазылар алқасының, жартылай көрермендердің интернет арқылы берген дауыстары арқылы анықталады. Ол үшін бүгін түн жарымында junioreurovision.tv сайтына кіріп, қазақстандықтарды қолдау керек. Екінші рет дауыс берудің мүмкіндігі жексенбі күні байқаудың соңғы әні орындалып болған соң тағы ашылып, бірақ бұл жолы 15 минутқа ғана созылады.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы