Риддер қаласында көптен күткен жол құрылысы басталды

Еліміздің шығысындағы Риддер қаласының тұрғындары билік басындағылардан көше жолдарын жөндеуді көптен сұрап келеді.

Әсіресе шаһардың жеке тұрғын үйлер орналасқан бөлігіне көктем-күзде көлікпен кіріп шығу мәселеге айналған. Жедел жәрдем өте алмай, тұрғындар баспанасына жете алмай қиналатын. Енді осы түйткілдің түйінін тарқатуға биыл қаражат бөлінді.

Риддер қаласы Хариузов көшесінде жол салушы техникалар таңның атысынан күннің батысына дейін тыным таппайды. Құрылысшылар ескі жолды кесіп, жаңадан табанын тартып жатыр. 85 жастағы Валентина Васильева – осы көшенің байырғы тұрғыны. Өзі шақ жүрсе де, қызу жұмысты қарауға арнайы шығыпты.

Валентина Васильева, Риддер қаласының тұрғыны:

- Осы үйде қанша тұрамын, бұл жақта ешқашан асфальт болған жоқ. Көктемде балшық, қыста қар. Тіпті такси шақырсаң келмейді ғой. Амал жоқтықтан толарсақтан саз кешіп, жаяу жүруге мәжбүрсің.

Енді, міне, бар қиындық көрген түстей артта қалмақ. Арман болған асфальтқа жеткеніне тұрғындар әлі сене алар емес. Олар осы күнді 30 жыл күткенін айтады.

Рафаэль Мамедалиев, Риддер қаласының тұрғыны:

- Бұл өте маңызды. Себебі енді жәдел жәрдем де, өрт сөндірушілер де шұғыл шақыруға кешікпей жете алады. Біз де балшыққа батпайтын болдық. Бұрын көлікті жуып үлгермейсің, қайта балшыққа түсіп, қайта бүлдіресің.

Александр Слепухов, Риддер қаласының тұрғыны:

- Мен өзім жүк тиеуші техниканы жүргіземін. Қыста осы көшелердің қарын шығарамыз. Бұрын жол жоқ болғандықтан, бұл көшелерді тазалауға шаһар басшылығы мән бермейтін. Енді асфальт төселгесін, жағдай түбегейлі жақсарар деген үміттемін.

Аталған көшедегі жолдың соншалықты жарамсыз күйге түсуіне су құбырын жаңғырту жұмыстары себеп болған. Осыдан 2 жыл бұрын жаңадан құбыр салған. Алайда мердігерлер қазған орындарын қалай-солай көміп кете барған.

Рауан Құрметұлы, Риддер қаласы ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары:

- Су жүргізу жұмыстары кезінде көшелердің бәрі қазылды. Биыл жол инфрақұрылымы жобасын жүзеге асыруға байланысты сол жолдарға асфальт төселіп жатыр. Қазір  Хариузов көшесінде 1,6 шақырым және Быструшин көшесінде 1,3 шақырым жолдар жөнделмек.

Шығыс Қазақстан облысының қалалары мен ауылдарында биыл 129 шақырым көшеге жол салынады. Бұл мақсатқа 7 миллиардтан астам теңге қаралған.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Анель Есенбердина, Дмитрий Пыхтин.