Маңғыстау облысында танктердің дайындығы пысықталды

Маңғыстау облысында «Оймашы» әскери полигонында танкистердің мергендігі сыналды.

Т-72 маркалы жауынгерлік машина экипаждары 400 және 1 мың 500 метр қашықтағы нысаналарға танк зеңбірегі мен пулеметтен оқ жаудырды. Жаттығу кезінде көзге түскен танк ротасының шеберлігі бағаланып, теңіз жаяу әскері бригадасының басшылығы үздік жауынгерлерді марапаттады.

Әдеттегідей танк батальоны жаттығу алдында сапқа тұрып, командир нұсқауын тыңдады. Бұйрық берілген соң әр экипаж оқ-дәрі қорын толтырып, бронды машиналарды атыс алаңына бағыттады. Одан әрі жылдам жүрісте және позицияда тұрып 1,5 шақырым жердегі нысаналарға снаряд жаудырудан сынға түсті.

Дүйсенбі Сенім, танк взводының көздеуші-операторы:

- Көздеуші-оператор болғандықтан бұл сезімді ерекше жеткізе аламын. Офицерлер мен сержанттардың теорияда үйреткендерін практика жүзінде атып үйрену үстіндеміз. Осындай практикалық сабақтар сарбаздар үшін әрқашанда маңызды, себебі біз өзіміздің жауынгерлік даярлығымызды арттырамыз.

Марштық жүріс кезінде танк зеңбірегін оқтау, нысана көздеу үлкен дайындықты қажет етеді. Бұл ретте танкистердің психологиялық әзірлігі де тексеріледі. Алғашқы снаряд атылғаннан кейін бронды машинаны қалың шаң басады. Мұндай сәтте экипаждың келесі нысананы дәл табу шеберлігі бағаланады. Ал ұрыс жағдайында танк командирінің пулемёттен оқ атып, көздеушіге бағдар беретін кезі болады.

Аслан Нұржанов, №25744 әскери бөлім командирінің орынбасары:

- Теңіз жаяу әскері бригадасы танкшілерінің полигон жағдайындағы практикалық жаттығуы жиі өтеді. Мұндай шаралардан жедел қызмет сарбаздары мол тәжірибе жинайды. Экипаж мүшелерінің ұрысқа әзірлігі жан-жақты тексерілген соң атыс жүргізуге рұқсат беріледі.

Жаттығу соңында үздік танкистер марапатталды. Бригада командирлері аға лейтенант Елдос Жарқынбек басқаратын №3 танк ротасы жеке құрамға үлгі деді. Ал экипаждар арасында үздік нәтижені танк командирі сержант Ұлан Мейірханұлы көрсетті.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев