БҚО-дағы Казталов ауылында мектеп тапсырылды

Батыс Қазақстан облысының Казталов ауылында көптен күткен білім ордасы пайдалануға берілді.

Алма Оразбаева атындағы орта мектеп 2017 жылы апатты деп танылған. Ал 2020 жылы жаңа ғимараттың алғашқы қадасы қағылды. Жоспар бойынша білім ұясы 2 жыл ішінде қолданысқа берілуі тиіс еді. Ұзаққа созылған пандемия мен құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты құрылыс жұмыстары 4 жылға созылып кетті.

Алма Оразбаева атындағы орта мектеп тек облыс емес еліміздегі ежелгі оқу орындарының бірі саналады. 155 жылдық тарихы бар білім ордасында 550-дей бала оқиды, 100-ге жуық ұстаз еңбек етеді. Көптен күткен жаңа ғимараттың пайдалануға берілуі мектеп ұжымын ғана емес, ауыл тұрғындарын да қуанышқа кенелтті.

Оралхан Ерғалиев, Қазталов ауылының тұрғыны:

- Менің 5 балам осында оқиды. Жаңа мектепке бәріміз қуанып жатырмыз ел болып, халық болып. Керемет салған. Білімді ұрпақ шықсын, жасай  берсін Алма Оразбаева мектебі.

Жайнагүл Қабдушева, мектеп мұғалімі:

- Біздер мынадай жарқын, жылы, кең мектеп болғанына қуаныштымыз. Енді осы мектебімізге сай ұрпағымыз алда білімді, тәрбиелі шәкірт боламыз деп сенімдеріңізге кіре аламыз. Интерактивті тақталарымыз бар, көрнекіліктеріміз бар, тақтамыз магнитті, барлығы жаңа, қазіргі заманға сай жабдықталған.

Казталов ауданында 4 апатты мектеп болса, былтырдан бері соның үшеуі жаңадан салынды. Ал жалпы өңірде қазір 27 мектептің құрылысы жүріп жатыр.

Әлібек Антазиев, құрылыс басқармасының басшысы:

- 15 мектеп КПО б.в қаражатынан, 3 мектеп жергілікті бюджет есебінен, қалған 9 мектеп ұлттық пилоттық жоба жайлы мектеп шеңберінде. Жайлы мектеп пилоттық жоба ішінде 7 мектептің құрылысы басталды. Қалған екі мектеп жыл аяғына дейін басталады.

Жаңа жылға дейін өңірде тағы 16 мектептің құрылысын аяқтап, ел игілігіне тапсыру жоспарланған. Білім нысандарының құрылысына жалпы алғанда түрлі қаржы көздерінен 25 миллиард теңге қаралған.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Қ. Махмудов, Э. Аюпов